Астанада халықаралық «Болашақ ойындары» көпспорттық жарыс
жалғасуда. Өткен демалыс күндері жүлде қоры 1 млн долларды құраған PUBG:
BATTLEGROUNDS турнирі аяқталды. Бұл сында чемпион атанған 17 Gaming командасы
131 ұпай жинады. Жалпы жарысқа әлемнің ең мықты 16 командасы қатысты. Жеңімпаз
шешуші 15-матчтың қорытындысы бойынша анықталды. Сонымен қатар, PHYGITAL
BASKETBALL бәсекесі де мәресіне жақындап қалды. Бүгін турнирдің финалдық
кездесуі өтеді. Виртуалды және нақты офлайн алаңда қатар өтетін қол доп
додасының жүлде қоры – 400 мың доллар. Бұл тартысқа төрелік ету үшін Хорватия,
Солтүстік Македония, Сербия, Иордания, Қытай, Қырғызстан, Беларусь және
Ресейден келген халықаралық дәрежедегі төрешілер шақырылған.
Вячеслав Дьяченко, «Болашақ ойындары – 2026» аясындағы PHYGITAL
BASKETBALL жарыстарының бас төрешісі:
- Цифрлық кезеңдегі төрешілер ойыншылардың тек өздерінің
жеке аккаунттарын пайдалануын қадағалайды. Сондай-ақ қандай да бір читтерді
немесе геймпадтарға орнатылған қосымша құрылғыларды қолданбауын, қарсыластарына
кедергі келтірмеуін және ойын барысында мониторды өшірмеуін бақылайды.
Негізінен мұндай жағдайларда тәртіпке қатысты ескертулер жасалады.
Трибуналарда және жалпы спорт нысандары мен делегациялар орналасқан
орындарда Ұлттық ұланның 1600-ден астам әскери қызметшісі тәртіп күзетінде тұр.
Астанаға әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтар мен қатысушылардың
қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін елорданың әскери бөлімдерінен, Көкшетау,
Қарағанды және Теміртаудан гвардия әскерилері жұмылдырылған. Олардың жұмысын
Ішкі істер министрінің орынбасары - Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған
Балтабеков атап өтіп, жас жауынгерлерге наградалар тапсырды. Әскери қызметшілердің
айтуынша, осындай ауқымды іс-шараға қатысу олар үшін маңызды кәсіби тәжірибе
болды.
Есенбек Хайнолла, 5573 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері:
- Біз жауынгерлік қызмет барысында мыңдаған адаммен жүздесеміз, шетелдік
қонақтардың Қазақстан туралы жақсы әсермен қайтуына біздің де қызметіміз ықпал
етеді деп ойлаймын. Сондықтан, әрбір әскери қызметші өз міндетіне мұқият қарап
кез-келген жағдайға дайын тұрады. Ең бастысы, Астанадағы әртүрлі іс-шаралар
жоғары деңгейде, тыныш әрі қауіпсіз өтсе, біздің қызметіміздің нәтижесі де сол
деп білемін.
«Болашақ ойындарында» сынақ режимде дрондар жұмысы жолға қойылды. Дронның көмегімен жеткізу сервисі - турнирдің ерекше технологиялық жаңалықтарының бірі болды. Олардың көмегімен тапсырыс арнайы дүңгіршек-постаматтарға 8 минут ішінде жеткізіледі. Ыстық және салқын сусындар, тіскебасарлар, кәдесый өнімдері мен турнирдің фирмалық бетбейнесіне тапсырыс беруге болады. Болашақта әзірлеушілер мұндай сервисті спорт алаңдарынан бөлек, қазақстандық қалалардың күнделікті өміріне енгізуге ниетті.

