Қазақстанда автомобиль жолдарын салу мен жөндеу жұмыстарының сапасына бақылау күшейтіледі. Көлік инфрақұрылымын дамыту және жол желісінің сапасын арттыру - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында айқындалған басым міндеттердің бірі. 2029 жылға қарай нормативтік жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесін 95% жеткізу жоспарланып отыр. Осы мақсатта Көлік министрлігі жергілікті атқарушы органдармен үйлестіру жұмыстарын күшейтіп, жол құрылысының сапасына тәуелсіз бақылауды кеңейтуді көздеп отыр.
Төлеген Абдуллин, ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы:
- Облыстық және аудандық маңызы бар жолдарға жауапты жергілікті атқарушы органдар жөндеу жұмыстарының түрін жоспарлау және бекіту кезінде барлық мәселелерді салалық министрлікпен келісетін болады. Сонымен қатар сапаны бақылау, оның ішінде тәуелсіз бақылау мәселелері де қарастырылады. Бұл жұмысты біздің институт - сапа орталығы жүзеге асырады.
Жол жұмыстарының сапасын арттыру үшін бақылаудың жаңа тетіктері енгізіліп қана қоймай, құрылыс нормалары да қайта қаралады. Мердігер ұйымдардың да жауапкершілігі күшейтіледі. Бұл шаралар жол төсемінің ұзақ мерзімге жарамдылығын қамтамасыз етіп, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Төлеген Абдуллин, ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы:
- Бұдан бөлек, ірі жобаларды толық жүзеге асыру тетігі енгізіліп жатыр. Бұл жағдайда мердігер ұйым жобаны өзі әзірлеп, құрылыс жұмыстарын жүргізеді және кейін 5-7 жыл бойы күтіп-ұстауға жауап береді. Бұл - екінші тетік. Үшінші тетікке келсек, биылдан бастап Құрылыс кодексі аясында кепілдік міндеттемелер қарастырылды. Нәтижесінде олардың мерзімі құрылыс және жаңғырту жұмыстары бойынша 7 жылға, ал жөндеу жұмыстары бойынша 5 жылға дейін ұзартылды.
Көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. Көкшетау - Петропавл тасжолының 165 шақырымдық учаскесін төрт жолақты етуге дайындық жүргізілуде. Жобаны 2027 жылы бастау жоспарланған. Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі шекараларындағы 37 автомобиль өткізу пункті жаңғыртылу үстінде. Оның төртеуін биыл, қалған 33-ін келесі жылы аяқтау көзделген. Бұл шаралар көлік қатынасының тиімділігін арттыруға бағытталған.

