Орталық Азия елдерінің ғалымдары климаттың өзгеруін бірлесіп зерттейді

Орталық Азия елдерінің ғалымдары климаттың өзгеруін бірлесіп зерттейді

Орталық Азия елдерінің ғалымдары экологиялық зерттеулердің деректері мен нәтижелерін жедел алмасып, климаттың өзгеруін бақылауға мүмкіндік алады. Бұған жаңа цифрлық платформа септеседі. Астанада өңір елдеріне арналған климаттық платформаның пилоттық жобасы таныстырылды. Сонымен қатар цифрлық алаң экологиялық бастамаларға инвесторлар іздеп, қаржы тартуға мүмкіндік береді. Бірегей жүйені дамытуға Astana Hub пен халықаралық ғылыми ұйымдарды тарту жоспарланып отыр.

Бахыт Есекина, «Green academy» ғылыми-білім беру орталығының директоры:

- Платформа аясында экономика салаларында метан шығарындыларын азайтуға, биоотын өндірісін дамытуға және шығарындыларды бақылау жүйесін жетілдіруге мүмкіндік беретін озық цифрлық технологияларды енгізуді ұсынып отырмыз. Қазірдің өзінде екі пилоттық жобаны әзірледік. Қанатқақты бастаманың бірі - Қонаев атындағы Тау-кен ісі институтының тау-кен өндірісі саласындағы шығарындыларды бақылау жүйесін жетілдіруге арналған жоба. Екіншісі - канадалық-қазақстандық «Sagda-AI» компаниясының көміртекті егіншілікке арналған биоотын өндіру технологиялары жөніндегі жобасы.

Астанадағы Президенттік орталықта өткен халықаралық конференцияда ғылым мен жаңа технологиялардың дамуы басты назарға алынды. Орталық Азия елдерінің ғалымдары мен сарапшылары климаттың өзгеруіне қатысты  ғылыми зерттеулерді және өңірдің тұрақты дамуына бағытталған шешімдерді талқылады. Жиын Дүниежүзілік ғылым күніне орай ұйымдастырылды.

Мақсат Байбеков, ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өңірлік бюросы әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар бағдарламаларының жетекшісі:

- Мұндай мәселелерді шешу үшін, ең алдымен, өңір елдері арасында өзара ынтымақтастық пен ғылыми әріптестікті нығайту қажет. Екіншіден, қабылданатын шешімдер ғылыми негізге сүйенуі тиіс. Өйткені кез келген шешімнің нақты дәлелдері болуы маңызды. Осы бағытта ЮНЕСКО елдер арасындағы ынтымақтастықты, ғылыми әріптестік пен заманауи технологияларды этикалық тұрғыдан пайдалану қағидаттарын белсенді түрде ілгерілетіп келеді.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?