Қазақстан шетелдік серіктестермен инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуде

Қазақстан шетелдік серіктестермен инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуде

Қазақстан халықаралық инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтіп, ауқымды инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыруға шетелдік серіктестерді тартуды көздеп отыр. Бұл туралы Астанада дипломатиялық корпус өкілдеріне арналған брифингте Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мәлімдеді. Іс-шара Мемлекет басшысының Жолдауындағы негізгі міндеттерді түсіндіруге бағытталды. Министрдің айтуынша, Қазақстан шетелдік капитал тартумен ғана шектелмей, бірлескен кәсіпорындар ашуға, өндірісті жергіліктендіруге және озық технологиялар алмасуға мүдделі. Осы орайда, 2029 жылдың соңына дейін инфрақұрылымды жаңғырту мақсатында Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағыттау жоспарланып отырғанын айта кету керек.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы істер министрі:

- Өзара тиімділік қағидатын негізге ала отырып, Қазақстан «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында ұзақ мерзімді жоспарлауға және ірі келісімшарттар жасасуға қолайлы әрі тұрақты жағдай жасайды. Сондай-ақ инвестицияларды институционалдық тұрғыдан қорғауға, өндірісті дамытуға және Еуразия құрлығының нарықтарына шығуға мүмкіндік беретін инвестициялық алаң ұсынады. Қазақстанның шетелдегі елшілеріне әрбір инвес тициялық жобаны алғашқы келіссөздерден бастап, өндірісті Қазақстанда толық жергіліктендіруге дейін жеке сүйемелдеу, сондай-ақ оның іске асырылу барысын тұрақты бақылау міндеті жүктелді.

Дипломаттар Қазақстанның бірқатар саласының инвестициялық әлеуетін жоғары бағалады. Олардың қатарында стратегиялық маңызы бар материалдар өндірісі, өнеркәсіп және көлік салалары бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында белгіленген міндеттерді іске асыруға халықаралық қаржы институттары да қолдау білдірді. Биыл Дүниежүзілік банк Қазақстанмен әріптестіктің жаңа стратегиясын қабылдады. Құжат энергетика, цифрлық технологиялар және AI-ді қоса алғанда, экономиканың негізгі салаларына инвестиция тартуды көздейді. Ұйым өкілдері инвестициялық бастамаларды қолдау мәселелері бойынша бірқатар кездесу өткізді. Сондай-ақ Дүниежүзілік банк Қазақстандағы экономикалық реформаларды қаржыландыру және халықаралық сараптамалық қолдау көрсетуге дайын екенін растады.

Андрей Михнев, Дүниежүзілік банктің Қазақстан мен Түрікменстандағы тұрақты өкілі:

- Жолдауда ерекше назар аударған бір мәселе - мемлекеттік қаражатты пайдаланып қана қоймай, жеке капиталды көбірек тарту қажеттігі. Жеке инвестицияларды жұмылдыру - жоспарланған ауқымды міндеттерді орындау үшін өте маңызды фактор. Тағы бір маңызды мәселе - инвестиция көлемі ғана емес, оның қаншалықты тиімді жұмсалатыны. Яғни, қаражат жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін өндіріс орындары мен активтерге бағытталуы керек. Меніңше, бұл өте маңызды мәселе. Сондай-ақ үкіметпен бірлесіп, өз тарапымыздан осы міндеттерді орындауға қолдау көрсетуге дайынбыз.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?