Қазақстанда орақ науқаны аяқталуға жақын. Қазіргі таңда дәнді дақылдар 13,5 млн гектардан астам алқаптан жиналды. Бұл жалпы егіс алқабының 80% астамын құрайды. Орташа өнімділік гентарынан 15 центнерден айналуда. Осылайша, ел диқандары шамамен 20 млн тонна астық бастырды. Салалық министрліктің болжамынша, биыл өнім орташа көрсеткіштен жоғары болмақ. Бұл ішкі нарық сұранысын толық қамтамасыз етіп, экспорттық мүмкіндіктерді сақтауға тың серпін бермек. Бұдан бөлек, елімізде майлы дақылдар алқабы да артып келеді. Қазірдің өзінде 2,4 млн тонна өнім қамбаға түсті. Ал маусым қорытындысы бойынша рекордтық көрсеткіш – 5 млн тоннадан астам өнім жиналады деп күтілуде. Осыған орай тасымал көлемі де артып келеді. Көлік министрлігінің мәліметінше, сегіз айда теміржол арқылы 10 млн тоннаға жуық астық тасымалдаған. Оның 7 млн тоннадан астамы экспортқа жөнелтілді. Осы ретте Орталық Азия елдерімен Қытайға астық жеткізу көлемі үштен бірге, ал Ауғаныстанға экспорт көлемі 4,5 есеге өскен. Жаңа астықты тасымалдау үшін 17 мыңға жуық вагон және 2 мыңнан астам локоматив сақадай сай. Ведомство жеткізу көлемін арттыру үшін теміржол инфрақұрылымын дамыту тың серпін беріп отырғанын атап өтті.
Жәнібек Тайжанов, ҚР Көлік вице министрі:
- Қытай бағытында Достық – Мойынты екінші жолы салынды. Алтынкөл станциясы және Алтынкөл – Жетіген учаскесі жаңартылды. Осының арқасында Қытай бағытында тәулігіне 75 пойызға дейін өткізуге мүмкіндік бар. Өзбекстан бағытында Сарыағаш және Оазис станцияларының өткізу қабілеті арттырылды. Дарбаза – Мақтаарал теміржолы аяқталып, Сырдария бекеті ашылған соң тәулігіне 60 пойыз өткізуге болады. Ресейлік әріптестермен тиісті келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде тәулігіне 100 пойыз өткізуге мүмкіндік бар.

