Қазақстан 2029 жылға қарай электр энергиясының тұрақты профицитіне шығуы тиіс. Бұл міндетті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында белгілеген. Ол үшін елдегі электр энергиясын өндіру көлемін арттыру қажет. 2029 жылға дейін жалпы қуаты 13 гигаватт болатын жаңа генерациялық қуат көздерін іске қосу жоспарланған. Оның ішінде көмір энергетикасына да басымдық берілмек. Ұлттық жоба аясында 2030 жылға дейін 8 жаңа электр стансасын салу және қолданыстағы 11 нысанды жаңғырту көзделген.
Асылжан Мусин, ҚР Энергетика министрлігі Электр энергетикасын дамыту департаментінің директоры:
- 2027 жылы жобаларды іске асыру нәтижесінде еліміздің энергетикалық жүйесі ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз ететін деңгейге жетеді. Яғни, Қазақстандағы электр стансалары елдің барлық сұранысын өз күшімен өтей алады. Көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жалпы қуаты 7,8 гигаватт болатын жаңа және жаңартылатын қуат көздерін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Оның 5,3 гигаватты жаңа электр стансаларының үлесінде. Қазір қуаты 2,6 гигаватт болатын Екібастұз ГРЭС-і жобасы, Курчатов қаласындағы 700 мегаваттық электр стансасы және Семей, Өскемен мен Көкшетау қалаларындағы үш жылу электр орталығының құрылысы бойынша инвесторлар анықталған.
Жолдауда жаңартылатын энергия көздерін дамытуға да басымдық берілген. Қазір Қазақстанда 170-тен астам жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істейді. Сала жаңа күн және жел электр стансалары есебінен кеңейе түспек. Келесі жылы қосымша 570 мегаватт қуатты іске қосу жоспарланған. Ал 2035 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің жаңа қуаты кемінде 8,4 гигаватқа жетуі тиіс. Бұл елдің жалпы энергетикалық теңгеріміндегі таза энергия үлесін арттыруға мүмкіндік береді.
Асылжан Мусин, ҚР Энергетика министрлігі Электр энергетикасын дамыту департаментінің директоры:
- 2029 жылға дейін күн генерациясының қуатын 1,8 гигаватқа арттыру жоспарлануда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда өндірілген электр энергиясының 7% жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі болды. Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 8,5% жетті.

