Қ.Тоқаев Азия ойындары мен Азия Пара ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады

Қ.Тоқаев Азия ойындары мен Азия Пара ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады

Ақордада Азия ойындары және Азия пара ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды. Мемлекет басшысы Қазақстан спортшылары Жапонияда өткен ХХ Жазғы Азия ойындары мен V Азия параойындарында еліміздің мәртебесін асырғанын айтты. Отандық споршылар жеңіп алған 130-дан астам медалдің 20-сы алтын.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ұлттық құраманың табанды еңбегінің арқасында Азиада төрінде рухты Әнұранымыз шырқалды, көк Туымыз биікте желбіреді. Мен әрбір жеңісті нағыз патриотизмнің айқын көрінісі деп санаймын. Тұтас халқымыз сіздерге қолдау көрсетті, жанкүйер болды. Әр спортшының ел қоржынына қосқан медалі азаматтарымызға, әсіресе, өсіп келе жатқан жас буынға үлкен шабыт береді, оларды мықты, күшті болуға үндейді және алға жетелейді.      

Президент отандық спортшылардың жеңісті жолы елімізде болып жатқан түбегейлі өзгерістер рухымен терең үндесетінін атап өтті. Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша еліміздің ЖІӨ көлемі 398 млрд долларға жақындайды. Бұл – өңірдегі ең жоғары көрсеткіш. Қасым-Жомарт Тоқаев қолда бар табысты арттыра түсу үшін еңбек ету керектігін айтты. Елімізде келесі жылы жалпыхалықтық ауқымды құрылыс науқаны басталады. Оның барысында барлық аймақта мектептер, ауруханалар, мәдениет ошақтары және спорт орталықтары сынды қазақстандықтардың  тұрмыс сапасын жақсартатын аса қажетті әлеуметтік нысандар салынады.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бағдарлама аясында жаңа спорт нысандары мен инклюзивті орталықтар бой көтереді. Қазақстанда әрбір баланың спортпен айналысуға мүмкіндігі болуы керек. Бұл – әлеуметтік мәні терең міндет қана емес, осы міндеттің саяси мағынасы әлдеқайда маңызды. Еліміздің шалғай ауылдарында болашақ чемпиондар, яғни, жеңімпаздар өсіп келе жатыр. Олардың бәріне бірдей жағдай жасалуға тиіс. Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мақсаты да – осы.

Қазақстанда спортты жетілдіруге үлкен көңіл бөлінеді. Мәселен, тек соңғы бес жылда елімізде саланы дамытуға 616 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Былтыр Заңға бірқатар түзету енгізіліп, басымдық берілетін спорт түрлері айқындалды. Қазақстан спорт державасы ретіндегі позициясын дәйекті түрде нығайтып, елімізде ең жоғары деңгейдегі жарыстарды ұйымдастырып келеді. 2027 жылы еліміз бокс, дзюдо, таэквондо, үстел теннисі және киберспорт секілді танымал спорт түрлерінен әлем чемпионатын қабылдайды. Көктемде Астанада УЕФА-ның 51-ші Конгресі өтеді. Алда төрт жылдық кезеңнің бас додасы – Лос-Анджелес Олимпиадасы келе жатыр. Жаһандық жарысқа спортшылармен қатар, тиісті министрлік пен федерациялар белсенді дайындалуы керек, – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындарында және Параазия ойындарында көрсеткен жоғары жетістіктері үшін бір топ спортшыға мемлекеттік марапаттар - «Парасат», «Құрмет» ордендері және «Ерен еңбегі үшін» медалін тапсырды.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?