Оксфорд студенттері қазақ тілін үйрену үшін Түркістанға келді

Оксфорд студенттері қазақ тілін үйрену үшін Түркістанға келді

Қазақ тілін үйрену үшін Оксфордтан Түркістанға арнайы келген Британ университетінің студенттері екі апталық тіл үйрену бағдарламасына кірісті. Оқу Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өтуде. Тыңдаушылар грамматика мен лексиканы меңгеріп, қазақша сөйлесуге машықтанады және еліміздің мәдениетімен танысады. Оқу бағдарламасын Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі екі елдің университеттерімен және ғылыми орталықтарымен бірлесіп әзірлеген. Ол халықаралық аудиторияның қазақ тіліне қызығушылығын арттырып, жаңаша ынтымақтастыққа жол ашады.


Рори Кронин, Оксфорд университетінің студенті /Ұлыбритания/:


- Мен оқытушымыз Дидарға үлкен алғысымды білдіргім келеді. Ол Оксфордта сабақ береді және биыл факультатив ретінде қазақ тілін үйренуді ұсынды. Сабақтар аптасына екі рет, әрқайсысы төрт сағаттан өтеді. Орталық Азия таңғажайып өңір, мен оны жақынырақ тану мүмкіндігіне қуаныштымын. Мен осы елдің болмысын түсінгім келеді, ал мемлекеттік тілді үйрену, оның мәдениетімен танысудың ең жақсы тәсілі.


Даниэль Ливинстон, Оксфорд университетінің студенті /Ұлыбритания/:


-  Мен тіл үйренуді ұнатамын. Бір күні досым маған қазақ тілінің тегін курсы туралы айтты. Мені түркі тілдерінің бірін меңгеріп, осы өңірдің мәдениетімен танысу қызықтырды. Қазақшамды жетілдіріп, Қазақстан мен Орталық Азия туралы білімімді одан әрі тереңдетуді қалаймын.


Қазақ тілін үйрену аудиториямен шектелмейді. Студенттер Түркістан, Шымкент және Тараз қалаларының тарихи орындарын аралап, ауызекі сөйлесу дағдысын шыңдайды. Осылайша олар үйренген білімін іс жүзінде қолданып, Қазақстанның тыныс-тіршілігі туралы көбірек ақпарат алады.


Дидар Садық, Оксфорд университетінде қазақ тілінің оқытушысы:


- Европа және Америка Қазақстанды тану тұрғысынан, тарих тұрғысынан, дипломатия тұрғысынан зерттегілері келеді. Себебі Қазақстан және Орта Азия, Еуразияның өзі толық зерттелмеген әлі де болса. Сондықтан Британияда қазақ тілі курсы академиялық деңгейде, яғни тек қана пилоттық жоба емес,  академиялық курс ретінде университеттерге енгізілуі әдбен мүмкін. Осы онжылдықтың ішінде.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?