Қазақстан «Кітап оқитын ұлт» қалыптастыруда. Мемлекет
басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз конференциясында сөйлеген сөзінде Үкіметке
осы жұмысқа қоғам белсенділерін, журналистер мен шығармашылық қауымдастық
өкілдерін көптеп таруды тапсырды. Айта кетейік елімізде бұл бағытта кешенді
жұмыс қолға алынған. Мәселен, құзырлы министрлік мектеп оқушыларының талғамын
арттыратын ұлттық және әлемдік классикалық туындылардан «Балалар кітапханасы»
тізіміне 1770 таңдаулы шығарманы енгізді. Оқу бағдарламаларына сыни ойлауды
дамыту әдістері кіріктірілді. Кітап оқу мәдениетін ерте жастан сіңіру, әрі
отбасылық дәстүрге айналдыру мақсатында мемлекеттік мекемелер мен жалпы қоғам
белсенділері күш біріктіріп жатыр.
Айгүл Осипова, №80 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып
мұғалімі:
- Бізде отбасылық кітап оқу өте жақсы жолға қойылған.
Менімен бірге ата-аналар да келіп отыр. Осы жұмыстарға қатысып отыр. Ата-аналар
үнемі қатысып отырады. Өздерінің ойларын қосады, балалардың ойын дамытады.
Күләш Молдахметова, диктор «Qazaq Radiosy» ардагері:
- Белгіленген уақытта келіп балаларға ертегі оқып
беремін. Өлеңдер оқимын, тақпақтар жаттауға үйретемін. Мақсатымыз балалардың
кітапқа сүйіспеншілігін арттыру. Өйткені кітап – білім бұлағы. Кітап оқымаған
бала ертең ешқандай өспейді. Оның білімі жетімейді. Ал, кітап оқыса, кітапқа
құмар болса, ол балалардың келешегі зор болады.
«Кітап оқитын ұлт» жобасы елдің кітапханалар жүйесін
жетілдіріп, оқырман қауымға жүейі қолдау тетіктерін ұсынады. Биыл Президент
тиісті Жарлыққа қол қойды. Жақын арада Астана, Алматы, Қызылорда және Шымкент
сияқты ірі қалаларда заманауи Президенттік кітапханалар ашылады. Оқырмандар
арасында «Бір ай – бір кітап», «Оқырман марафоны» секілді акциялар
ұйымдастырылып, мектеп пен ауыл кітапханаларына жаңа әлемдік әдебиеттер
үлестіріледі. Бұл оқырман мәдениетінің қанат жаюына, әрі жас буынды кітап оқуға
бейімдеуге оң ықпалын тигізеді. Осылайша, «Оқитын ұлт» ұзақ мерзімді
тұжырымдамасы арқылы еліміздегі кітапханаларды мәдени-интеллектуалды хабтарға
айналдыру көзделген.
Балжан Еркебаева, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының
оқырмандарға қызмет көрсету және тіркеу қызметі жетекшісінің орынбасары:
- Жыл басынан бастап, кітапханаға тіркелген жаңа оқырмандарымыздың саны 10 мыңнан асты. Бұрын біз бұл көрсеткішке бір жылдың ішініде, жылдан аса уақытта жететін болсақ, бүгінде 7-8 айда осы көрсеткішке жетіп отырмыз. Сондай-ақ заманауи бағыттағы коворкинг залын аштық. Жақында жасөспірімдерге арналған оқу залын ашуды да жоспарлап отырмыз.

