Қазақстан мен Лаос Президенттері келіссөз өткізді

Қазақстан мен Лаос Президенттері келіссөз өткізді

Лаос Президенті Тхонглун Сисулит Қазақстанға алғашқы ресми сапарымен келді. Қасым-Жомарт Тоқаев мұны тарихи оқиға деп атады. Ресми қарсы алу рәсімі Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтті. Келесі жылы екі елдің арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 30 жыл толады. Қазақстан мен Лаос халықаралық аренада өзара тығыз іс-қимыл жасауда, қазір тараптар ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті. Бұл туралы Мемлекет басшыларының шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздерінде айтылды. Қазақстан Президентінің мәлімдеуінше, Лаос - еліміздің Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктесі. Қазақстан Лаос нарығына металлургия, тамақ, мұнай-химия, ауыл шаруашылығы, химия өнеркәсібі, машина жасау және фармацевтика өнімдерін жеткізуді арттыруға дайын. Елдердің өзара көлік-логистикалық әріптестігі де назардан тыс қалған жоқ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан Лаосты Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды серіктес ретінде қарастырады. Біз сауда-энергетика, цифрландыру, көлік және логистика, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және басқа да бағыттардағы ықпалдастықты күшейтуге мүдделіміз. Осы арқылы мемлекеттік деңгейдегі және іскерлік ортадағы іс-қимылды. жандандыра аламыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев Лаос компанияларын әлемнің 90-нан аса елінен 6 мыңнан астам компания тіркелген «Астана» халықаралық қаржы орталығының жеңілдіктерін барынша пайдалануға шақырды. Платформа арқылы Қазақстанға 27 млрд доллар инвестиция тартылды. Тараптар гуманитарлық және туризм салаларындағы ықпалдастық перспективасына ерекше назар аударды. Атап айтқанда, екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты күшейту, және кадрларды бірлесіп даярлау әлеуеті талқыланды. Өз кезегінде Лаос Президенті өзінің Қазақстанға сапары екіжақты қарым-қатынастарды дамытудағы маңызды белес екенін атап өтті. Тхонглун Сисулит Лаос үшін кадрлар даярлаудағы Қазақстанның көмегіне де назар аударды.

Тхонглун Сисулит, Лаос Президенті:

– Лаостың жүздеген азаматы Қазақстандағы оқу орындарында білім алды. Бүгінде олардың көбі мемлекеттік қызметте, кәсіпкерлікте, орталық және жергілікті деңгейде басшылық қызмет атқарады. Отандастарым студенттік жылдарда көмектесіп, қолдау көрсеткені үшін қазақстандықтарды жылылықпен еске алады.

Келіссөз қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тхонглун Сисулит екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге қос елдің де мүдделі екенін растайтын Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Сондай-ақ, екі елдің сыртқы саяси ведомстволары, прокуратура органдары, жасанды интеллект саласында өзара түсіністік туралы және Астана мен Вьентьян арасында бауырластық қарым-қатынас орнату бойынша төрт меморандумға қол қойылды.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?