Қазақстандағы Құрылтай сайлауы науқанның ерекшеліктерінің
бірі – елдегі саяси партиялар арасындағы
ашық пікірталастардың өтуі. Саясаттанушылардың айтуынша, теледебаттарға қатысу саяси
бірлестіктерге өз бағдарламаларын таныстыруға, маңызды мәселелерді талқылауға
және азаматтар алдында өз ұстанымдарын ашық дәлелдеуге мүмкіндік береді. Сарапшылардың
пікірінше, мұндай формат демократиялық мәдениетті дамытуға, сондай-ақ саяси
күштер мен қоғам арасындағы диалогты нығайтуға ықпал етеді. Халықаралық
зерттеулер көрсеткендей, ашық пікірталастар сайлаушылардың саяси партияларға
деген сенімін арттырады. Сондықтан саясаттанушылар Құрылтай сайлауы қоғамдық
күн тәртібіндегі басты тақырыптардың біріне айналды деп есептейді.
Жанар Төлендинова, ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның
стратегиялық зерттеулер институты медиажобалар бөлімінің басшысы:
- Биыл сайлауалды үгіт-насихат кезеңінде партиялар
арасындағы парламенттік дебаттардың жаңа деңгейге көтерілгенін көріп отырмыз.
Бұған дейін сайлау қарсаңында бір ғана дебат туры өтетін. Ал биыл бұл бағытта
шын мәнінде үлкен өзгеріс болды. Себебі бірнеше дебат туры ұйымдастырылып, оған
барлық ұлттық телеарналар тартылды. Әр телеарна өзінің жеке форматын ұсынады.
Партиялар сайлаушыларды өздерінің бағдарламаларымен тартумен қатар,
бәсекелестерін аздап сынауға да тырысып бағады. Бұл қалыпты жағдай және саяси
мәдениеттің артып келе жатқанын көрсетеді.
Айта кетейік, ертең, 12 тамызда Қазақстан Президенті Телерадиокешенінің «Jibek Joly» телеарнасында саяси партиялардың кезекті теледебаттары тікелей эфирде өтеді. Басты тақырып – «Заң үстемдігі – әділетті қоғамның негізі». Әр партиядан екі спикерден қатысады. Олар Конституцияда бекітілген «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру жөніндегі өз ұстанымдарын таныстырып, бір-бірінің сұрақтарына жауап береді.

