Астанада
«Болашақ ойындары» мультиспорттық турнирі жалғасуда. Биыл ол үшінші рет
өткізіліп отыр, жарысқа елорданың 4 спорт аренасы дайындалды. Екінші күн
фиджитал-баскетболға ерекше назар аударылды. Мұнда 16 команда бақ сынасады,
оның 2-уі - қазақстандық. Қатысушылардың айтуынша, ойында физикалық дағдылар -
ептілік, дәл лақтыру және жылдам қимыл, сондай-ақ сандық дағдылар маңызды,
мұнда ойын стратегиясын виртуалды алаңға лайықтап жылдам өзгерту қажет.
Есет
Жарқылов, «Болашақ ойындары – 2026» турнирінің қатысушысы:
- Цифрлық
кезеңде асығыстыққа жол беріп, кейбір шешімдерді тым жылдам қабылдап қойдық.
Бұл бағытта бір аптадай ғана бірлесіп дайындалдық. Ал оған дейін әрқайсымыз өз
қаламызда жеке-жеке жаттықтық. Жалпы, турнир өте қызықты, тартысты әрі көрермен
үшін әсерлі өтіп жатыр.
Турнирге 800-ден астам қатысушы Қазақстанның түрлі қалалары мен әлемнің
түрлі құрлықтарынан жиылды. Еріктілердің саны да спортшылармен шамалас. Олардың
әрқайсысы арнайы дайындықтан өткен. Бір жарым мыңға жуық өтініштің тек 800-ден
астамы ғана іріктеуден өтті.
Гүлмира Мирманова, волонтер:
- Волонтер болу - бұл мен үшін оқиға ортасында болу,
спортшылармен жұмыс істеу, сол арқылы осы ойындарды ішінен көруге мүмкіндік
алдым. Яғни, бұл, осы ойындарды, оның рухын сезіну үшін ең жақсы тәжірибе.

