Қазақстан цифрлық технологиялар мен инновацияларды дамытуда
жоғары әлеуетке ие. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхайда өткен
Жасанды интеллект жөніндегі дүниежүзілік конференцияда мәлімдеді. Мемлекет
басшысының айтуынша, AI Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығының басты
бағыттарының біріне айналды. Аспан асты елінің сарапшылары АІ енгізу мұнай-газ,
тау-кен өндіру және қаржы салаларының тиімділігін арттыруға, сондай-ақ
экономиканың цифрлық трансформациясын жеделдетуге мүмкіндік береді деп
есептейді. Бұл ретте мамандар Астана мен Бейжің арасындағы жоғары сенім деңгейін
технологиялық әріптестікке берік негіз, әрі бірлескен жаңа жобаларды іске
асыруға мүмкіндік береді деп отыр.
Пань Давэй, Шанхай қоғамдық ғылымдар академиясының Ресей
және Орталық Азияны зерттеу орталығының директоры:
- Біздің елдеріміз арасындағы әралуан салалар бойынша
ынтымақтастық екі мемлекеттің дипломатиялық байланысы орныққаннан бастап,
үздіксіз тұрақтылықпен дамыды. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда екі тарап
арасында жан-жақты стратегиялық әріптестік орныққанына куә болып отырмыз.
Мұндай жақсы қарым-қатынас алдағы 5-10 жылдан кейін ғана жемісін беретін код,
немесе, нәтижесі қысқа мерзімге бағдарланған алғышарт емес, керісінше, мұндай
жоғары деңгейлі қарым-қатынас екі ел арасында ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, өзара
пайда әкелетін игі бастама.
Мамандар соңғы төрт жылда Қазақстан мен Қытайдың тауар
айналымы екі есеге ұлғайғанын атап өтті. Бұл ретте жоғары технологиялар,
өндірістерді ел аумағына орналастыру және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастық
белсенді дамып келеді. Сарапшылардың бағалауынша, дәл осы бағыттар екіжақты
әріптестікті одан әрі нығайтуға негіз болады.
Ерсұлтан Жансейітов, саясаттанушы:
- Тоқаев мырза қытай тілін, қытай мәдениетін терең
түсінетін әрі жақсы меңгерген тұлға ретінде белгілі бір дәрежеде қытайлық саяси
билік иелері ортасында өз адамы ретінде қабылданады
деп айтуға болады, Қытаймен байланыс орнатуда мұндай жақсы қарым-қатынас кез-келген
мемлекеттің болашағы үшін тарихи үлкен рөл атқарып келді, және қазіргі таңда да
солай болып қала бермек. Сондықтан дәл ең жоғары саяси деңгейде осындай өзара
жылы гуманитарлық қарым-қатынастың орнағаны, Қазақстан үшін де жақсы нәтиже
беретінін болжауға болады.

