Қазақстан 2030 жылға
қарай тауарлы газ өндірісін екі есе арттырып, 4,5 млрд текше метрге жеткізеді. Бұл
жаңа кен орындарын игеру және ірі геологиялық-барлау жобаларын іске асыруды
қамтамасыз етеді. Астанада өткен сала мамандарының халықаралық форумында
мемлекеттік органдар, бизнес және сарапшылар қауымдастығының өкілдері
Қазақстандағы газ инженерлік инфрақұрылымын дамыту мәселелерін талқылады. Жиын
аясында халықаралық көрме ұйымдастырылып, өндіріс циклінің барлық кезеңдерінде
қолданылатын озық технологиялық шешімдер ұсынылды. Оған 5 елден 50-ге жуық
компания қатысып, инженерлік шешімдерін таныстырды. Айталық, «QazaqGaz» Ұлттық
компаниясы «Aqyl Energy» жобасын іске асырып жатыр. Оның аясында азаматтарға мобильді
қосымша арқылы кеңес беріп, өтініштерді өңдейтін АІ-агент енгізілді. Ұлттық
оператор жинақтаған деректер қоры негізінде жасанды интеллект ұзақмерзімді газ
тұтыну жоспарын әзірлейді.
Дамир Гуламов, QazaqGaz Aimaq компаниясы Aqyl Energy
жобасының жетекшісі:
- Бүкіл осы 10-15
жыл бойы жиналған ақпаратты жасанды интеллект талдап, ауа қысымын, ауа
температурасын, желдің бағытын, бәрін есептеп, жасанды интеллект болжам
жасайды. Қаншалықты газ тұтынылады. Бүкіл Қазақстан бойынша, 1,5 млн смарт
есептегіштер қойылады. Олар газ тұтыну көлемін сағат сайын жібере алады. Осы
бүкіл ақпаратты зерттеу үшін жасанды интеллект қолданылады.