Астанаға ресми сапармен Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейн келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманды әуежайдан қарсы алды.
Ақордада ресми қарсы алу рәсімі өтті. Мәртебелі мейманның құрметіне тікұшақтар Қазақстан мен Иорданияның туларын желбіретіп, Ақорда алаңынан ұшып өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен II Абдалла бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырған соң Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берді.
Бұдан соң Қазақстан Президенті мен Иордания Королі келіссөз жүргізді. Онда тараптар қазақ-иордан қарым-қатынасының негізгі қозғаушы күші саналатын экономикалық ықпалдастық мәселелерін талқылады. Өткен 8 айда өзара сауда көлемі 3,5 млн долларға жетіп, былтырғы көрсеткіштен асты. Сонымен қатар академиялық және ғылыми байланыстарды нығайту, өзара туристер ағынын арттыру арқылы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтудің әлеуеті зор. Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан өзара мүддеге сай барлық салада қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты іске асыруға баса мән беретініне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Иордания – араб әлеміндегі уақыт тезінен өткен сенімді серіктесіміз. Кейінгі жылдары ықпалдастығымыз қарқын ала бастады. Біз арамызда орнаған түрлі деңгейдегі берік саяси диалогты жоғары бағалаймыз. Былтыр екіжақты қарым-қатынас үшін ерекше кезең болды, бір-бірімізге сапармен бардық. Келіссөздер қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме қабылданды, сондай-ақ министрліктеріміз бен ведомстволарымыздың және іскерлік орта өкілдерінің арасында көптеген құжатқа қол қойылды. Мұның бәрі көпжақты ынтымақтастығымызды одан әрі ілгерілетуге септігін тигізді.
Мемлекет басшысы екі елдің халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешу тәсілдері ұқсас екеніне назар аударып, Иордания Королінің достық байланыстарды нығайтып, қос халықты жақындастыруға қосқан үлесін жоғары бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Қазақстан Өзіңіз он жылдан аса уақыт бұрын бастаған Ақаба процесін жоғары бағалайды. Мұндай форматтағы кездесуге Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырушылардың бірі ретінде қатысу – біз үшін үлкен мәртебе. Сессия бүгінде аса өзекті саналатын жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздік тақырыбына арналып отыр. Саммит Орталық Азия өңірінің ұстанымын білдіріп, бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі бірлескен күш-жігерімізге тың серпін сыйлайтынына сенімдімін.
Король ІІ Абдалла Қазақстан мен Иорданияны бұрыннан келе жатқан қарым-қатынас, өзара құрмет, сондай-ақ бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту ісіндегі ортақ ұстаным байланыстыратынын жеткізді. Ол Ақаба процесі аясындағы кездесулердің жаңа раундын бірлесе ұйымдастырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа шынайы ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, бұл екі елдің қауіпсіздік саласындағы өңірлік және жаһандық сын-қатерлерді шешуге бейілдігін көрсетеді.
II Абдалла бен әл-Хусейн, Иордания Королі:
– Өзіңіз еске салғандай, былтыр бір-біріміздің елімізге жасаған сапарларымыз екіжақты қарым-қатынасты ілгерілетуге ерекше серпін берді. Біз қол жеткізілген уағдаластықтарды одан әрі өрбітіп, сауда, инвестиция, туризм, технология және қорғаныс секілді негізгі бағыттарда ынтымақтастықты кеңейтуге ниеттіміз.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Иорданияның арасындағы достық байланыстарды нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Король II Абдалланы Al-Farabi орденімен марапаттады. Монарх мәртебелі марапаттың алғашқы иегері атанды. Өз кезегінде Король II Абдалла Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Иорданияның жоғары мемлекеттік наградасы – al-Hussain ibn Ali орденін табыстады.

