Қазақстан Президенті ТМД-ның 2035-ші жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеуді ұсынды. Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанда ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында осындай бастама көтерді. Бұл орта мерзімді перспектива. Мемлекет басшысының пікірінше, осы ретте экономикалық ықпалдастықты тереңдету және индустриялық-технологиялық серіктестікті жетілдіру ерекше маңызға ие. Бұл ретте ол Қазақстан ТМД елдерінің нарығына әдеттегідей басымдық беретінін айтты. Мәселен, былтыр еліміздің Ұйым мемлекеттерімен сауда айналымы 40 млрд долларға жуықтады, ал биылғы жеті айда 10% өсті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Бірлескен өндірістер ашу ісінде де үлкен тәжірибе қалыптасты. Мысалы, Ресей Федерациясының қатысуымен іске асырылып жатқан қазақстандық өнеркәсіп жобалары портфелінде жалпы құны 61 миллиард доллар болатын 178 жоба мен бастама бар, оның 124-і жүзеге асырылды. Өзбекстанмен арада құны шамамен 2 миллиард доллар болатын 80 жоба бойынша жұмыс жүргізілуде. Беларусьпен арнайы және ауыл шаруашылығы техникасының бірлескен өндірісі жолға қойылды.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев қызметтер нарығын кеңейтіп, инвестицияға қолайлы жағдай жасау қажеттігін алға тартты. Президент осы орайда, ТМД елдерінің алдағы үш жылға арналған үздік индустриялық-технологиялық жобаларының тізімін жасақтауды ұсынды. Көлік байланысын дамыту және транзит әлеуетін нығайту ынтымақтастықты кеңейтетін тағы бір перспективті бағыт ретінде аталды. ТМД-ға мүше мемлекеттер аумағы арқылы өтетін басты көлік жолдарын ұштастыру тұжырымдамасы осы мақсатқа қызмет етпек. Аталған құжат биыл мамыр айында еліміздің бастамасымен қабылданған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Қазақстан осы тұжырымдаманы жүзеге асыруға нақты үлес қосуда. Тамыз айында жалпы ұзындығы 1,5 мың шақырымнан асатын Арал – Каспий магистралінің құрылысы басталды. Аталған стратегиялық жоба пайдалануға берілген кезде Қытайдан Еуропаға дейінгі автожол шамамен мың шақырымға, ал транзит жүктерді жеткізу мерзімі үш тәулікке дейін қысқарады. Басқа да ірі жобалар бойынша жұмыс жалғасып жатыр.
Президент цифрландыру мен жасанды интеллектіні қолдану аясы кеңейіп келе жатқанына да назар аударды. Ол осы бағытта тәжірибе алмасатын тұрақты механизм қалыптастыру және келесі жыл Астанада АІ саласы мамандарының ТМД аясындағы арнайы форумын өткізуді ұсынды. Мемлекет басшысы бұдан бөлек «ТМД кітапханасының алтын қорын» жасау бастамасын көтерді. Оны құрылысы келесі жылдың орта шенінде аяқталатын Астанадағы Президент кітапханасында орналастыру көзделіп отыр. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйымның рөлін күшейту үшін «ТМД плюс» саммитін ұйымдастыруды ұсынды. Мемлекет басшысы сөз соңында 35 жыл ішінде Достастық ұйымы мемлекеттер мен халықтар өмірінің ажырамас бөлігіне айналғанын атап өтті. Сондай-ақ келесі жылы ТМД-ға төрағалық ететін Өзбекстанға сәттілік тіледі.

