Қазақстан Президенті дербес мемлекеттік орган ретінде құрылған Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының алғашқы кеңесін өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік ахуал жедел құбылып жатқан кезеңде Қауіпсіздік Кеңесі аса маңызды мәселелер бойынша нақты әрі жан-жақты сараланған шешімдер қабылдайтын орталыққа айналуға тиіс екенін атап өтті. Отырыста киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге және жасанды интеллектіні қолдануға баса мән берілді. Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы алдағы уақытта өзектілігі арта түсетін ақпарат, технология, азық-түлік, су және энергетика қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше тоқталды. Президент аталған салалардағы басымдықтарды белгілеп, «Заң мен тәртіп» қағидатын негізгі бағдар ретінде атады.

