Бүгін Қазақстан Президенті телекөпір арқылы бірқатар автокөлік жолының құрылысын бастап берді. Олардың барлығы еліміз үшін стратегиялық мәнге ие. Бұл Қызылорда – Сексеуіл, Ұлғайсын – Сексеуіл және Бейнеу – Сексеуіл автокөлік жолдары. Соңғысының жалпы ұзындығы 800 шақырымды құрамақ. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағдарды халықаралық ауқымдағы автожол деп атады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Осы жол ел аймақтары арасындағы байланысты нығайта
отырып, Қытай мен Еуропаны жалғайтын «алтын көпір» ретінде қызмет етеді.
Бұл жоба Қытай шекарасындағы өткізу бекеттерін Ақтау, Құрық порттарымен тікелей
байланыстырады. Соның нәтижесінде Қытайдан Еуропаға дейін жүк тасымалдау
ұзақтығы 1 мың шақырымға, ал жүк жеткізу мерзімі 3 тәулікке дейін қысқарады. «Бейнеу – Сексеуіл» бағыты республикалық, аймақтық, құрлықтық
деңгейдегі маңызды жол болары анық. Сондықтан бұл жолды «Арал-Каспий
магистралі» деп атаған дұрыс.
Мемлекет басшысы барлық жобаларды 2029 жылдан кешіктірмей
аяқтау өте маңызды екенін атап өтті. Жолдар толық салынып біткен соң жүк
тасымалы 2,5 есе артып, жылына 13 млн тоннадан аспақ. Былтыр еліміздегі жалпы
тасымал көлемі 6% артып, 37 млн тоннаны құрады. Автокөлікпен жүк тасымалдаудан
түсетін табыс 1,5 трлн теңгеге жетті. Қазақстандағы автокөлік тасымалы саласы
табысы жағынан теміржол көлігімен теңесті. Басты мақсат – елімізді Еуропа мен
Азияны жалғастыратын жетекші логистикалық желінің біріне айналдыру.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сондықтан жолдың құрылысын жүргізумен бірге заманауи
цифрлық экожүйе құру маңызды міндет саналады. Жергілікті автоөндірісті тарта
отырып, отандық тасымалдаушыларды қолдаудың ұлттық бағдарламасын қабылдау
әлеуетті еселейді. Мұның бәрі Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін кеңейте
түседі. Арал маңындағы иен даламен тартылып жатқан жолдар бұған дейін тұйық
нүкте саналып келген бағыттарды Еуразияның негізгі көлік дәліздерінің тоғысына
айналдырады.

