Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидтың елімізге мемлекеттік сапары аясында қазақ-оман бизнес форумы өтті. Жиынға екі жақтың іскерлік топ өкілдері қатысты. Қазақстан Президенті форумда сөйлеген сөзінде өзара сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды ілгерілету үшін тиісті келісімшарт-құқық базасы мен институттық негіздерді күшейту қажет екенін алға тартты. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ретте Инвестицияларды көтермелеу туралы келісімнің маңызына тоқталды. Аталған уағдаластық аясында жобаларды іске асыратын инвесторлар анағұрлым түсінікті, ашық әрі сенімді шарттармен қамтамасыз етілген.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Біз «Самұрық-Қазына» АҚ мен Оман инвестициялық басқармасы арасындағы бірлескен инвестициялық құрылымды іске қосу туралы келісімге қол қойылуын құптаймыз. Бұл маңызды бастама қаржылық мүмкіндіктерді біріктіріп, қосымша инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, біз Оманның жақында құрылған Халықаралық қаржы орталығымен ынтымақтастықты жолға қоюға болады деп санаймыз.
Мемлекет басшысы экономиканың негізгі салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру тәжірибесіне тоқталды. Энергетика және тау-кен өнеркәсібіндегі серіктестік оң нәтижесін бере бастады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, осы салаларда күш біріктіру бірлескен жаңа кәсіпорындардың пайда болуына септігін тигізбек. Президент көлік-логистика саласында да ынтымақтастық әлеуеті зор екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Біз Оманды көлік-логистика саласындағы маңызды серіктес ретінде қарастырамыз. Өйткені, бұл – стратегиялық тұрғыдан ұтымды орналасқан, порт инфрақұрылымы ілгері, Таяу Шығыс пен Африка нарықтарына шығатын жолы бар ел. Ал Қазақстан – табиғи ресурсы мол, өндіріс базасы дамыған, Азия мен Еуропа арасындағы көлік бағдарларында стратегиялық рөл атқаратын әрі көлік байланысын өркендету жөнінде нақты жоспарға ие мемлекет.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігі салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға үндеді. Мемлекет басшысы сөз соңында қазіргі уақытта саяси деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты іске ұластыру және экономикалық байланыстарды қазақ-оман серіктестігінің тірегіне айналдыру басты міндет екенін айтты.

