Қазақстан Президенті Құрылтай сайлауында дауыс берді

Қазақстан Президенті Құрылтай сайлауында дауыс берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайында орналасқан №520 сайлау учаскесіне барып, Құрылтай депутаттарының сайлауында дауыс берді. Содан кейін Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне брифинг өткізді. Президент еліміздің болашақ дамуы үшін осы сайлаудың айрықша тарихи маңыздылығын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз бәріміз бір тұтас ел болып ауқымды реформаларды жүргізіп жатырмыз. Ойдағыдай нәтижелерге қол жеткіздік, нәтижелер бәрі көрініп жатыр. Бірақ, дегенмен алдымызда тұрған жұмыс ауқымды, үлкен, мақсаттар аса маңызды деп айтуға болады. Сондықтан алдымызда үлкен жұмыс бар. Бүгінгі сайлау – бұл жұмыстың бастауы ғана деп айтуға болады күмәнсіз. 

Мемлекет басшысы елдегі сайлауалды науқанының жақсы өткенін атап өтті. Саяси аренада жаңа тұлғалар пайда болып, мазмұнды әрі сындарлы идеялар айтылды. Алайда ең бастысы – алда. Президенттің айтуынша, Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналады. Аудандар мен қалаларда ауқымды жобалар іске қосылады. Қасым-Жомарт Тоқаев журналистердің Вице-Президент жаңа лауазымына қатысты сұрағына да жауап берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз Конституциямызға жаңа лауазымды әдейі енгіздік. Бұл лауазым аса қажет деп айтсақ, қателеспейміз. Себебі қазіргі бұлыңғыр заманда мұндай лауазым елімізге өте қажет. Келесі аптада немесе он күн ішінде Вице-Президент кім екені мәлім болады. Мен оны қазір анық айта алмаймын. Ол белгілі, сіздер жақсы білетін адам болады деп ойлаймын. Тағы басқа реформаларды іске асырамыз. Мысалы, Халық Кеңесінің жұмысын жандандыру қажет. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?