Astana Media Week форумында АІ мен цифрлық технологиялар дәуіріндегі журналистиканың болашағы талқылануда. Бұл осымен Қазақстан елордасы қабылдаған оныншы халықаралық форум. Оған елімізбен қатар, Грузия, Әзербайжан, Қырғызстан, Швейцария және басқа да мемлекеттердің сала мамандары, БАҚ басшылары мен технологиялық компания жетекшілері жиналды. Сарапшылар қатарында Euronews, Meta және TikTok өкілдері де бар. Қазір әлемде ақпаратты интернет арқылы алатындар саны артып келеді. Ел азаматтарының тең жартысына жуығы жаңалықтарды әлеуметтік желілерден біледі. Редакциялардың жұмыс тәсілі де заман ағымына сай түрленуде. АІ контент әзірлеуге көмектеседі. Дәстүрлі БАҚ жаңа цифрлық платформаларды меңгеруде. Сонымен қатар еліміздің медиа нарығы да кеңейіп келеді. Соңғы он жылда Қазақстандағы БАҚ қатары екі еседен астам өсіп, 5,5 мыңға жетті. Мұндай жағдайда ақпараттың шынайылығы мен аудитория сенімін сақтау айрықша маңызға ие. Форумға қатысушылар осы мәселелерді де саралады. Astana Media Week тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, жаңа келісімдерге қол қоюға да мүмкіндік береді.
Қанат Ысқақов, ҚР Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі:
- Біз басқа елдердегі әріптестерімізбен түрлі контент бойынша бірнеше құжатқа қол қоюды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ жалған ақпаратпен күрес мәселесіне қатысты меморандум әзірленіп жатыр. Медиа саласы аясында түркітілдес елдердің ақпарат министрлерінің кездесуі өтеді. Оның қорытындысы бойынша да құжат алмасу көзделген. Сондықтан Astana Media Week құр мәселелер талқыланатын алаң ғана емес, сала бойынша маңызды келісімдер жасалатын ірі платформаға айналды.

