Қазақстанда су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі іске қосылады

Қазақстанда су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі іске қосылады

Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін құру ісін көпке созбай, тез арада аяқтау керек. Қазақстан Президенті өз Жолдауында осыны тапсырды. Бұндай бірыңғай цифрлық платформа  елдегі су қорын бақылауға және оны бөлу кезінде оңтайлы шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Салалық министрліктің дерегінше, озық жүйе жыл соңына дейін толық іске қосылады. Қазір ол ведомство мен су шаруашылығы ұйымдарының күнделікті жұмысына біртіндеп енгізіліп жатыр.  Ол үшін мамандар арнайы оқытылды, архивтік мәліметтер электронды базаға көшіріріліп, олардың сәйкестігі тексерілуде. Бұдан былай ақпараттық жүйе жаңа деректермен толықтырылып тұрады. Сандық платформаға еліміздегі өзендер, көлдер, жерасты сулары, су қоймалары мен гидротехникалық инфрақұрылым туралы мәліметтер жинақталған. Осылайша цифрлық паспорттар мен спутниктік суреттер арқылы су нысандарының жай-күйін бағалап, ондағы өзгерістерді қашықтан бақылауға болады.

Қанат Ахметов, Су ресурстары ақпараттық-талдамалық орталығы Технологиялық интеграция және дамыту департаментінің директоры:

 – Бұндай жүйе қолда бар су ресурстарын нақты қажеттілікпен салыстыруға, ықтимал тәуекелдер мен тапшылықты алдын ала анықтауға және суды бөлу бойынша неғұрлым негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Бірыңғай цифрлық деректер қосымша тексеруді, жөндеуді немесе жаңғыртуды қажет ететін инфрақұрылым учаскелерін анықтауға көмектеседі. Түптеп келгенде, бұл су ресурстарын ұтымды пайдалануға, есеп жүргізудің ашықтығын арттыруға және еліміздің су қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етуі тиіс.

Тіршілік нәріне деген қажеттілікті бағалап, ықтимал тапшылықтың алдын алуға су тұтынуды ерте болжау жүйесі де мүмкіндік береді. Ол Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесіндегі деректерді пайдалана отырып, шаруалардың өтінімдерін, егіс алқаптарының көлемін және суару ережелері мен талаптарын ескереді. Жасанды интеллект алынған деректерді су қорымен салыстырады. Бұл су беру кестесін уақытылы түзуге септеспек.

Қанат Ахметов, Су ресурстары ақпараттық-талдамалық орталығы Технологиялық интеграция және дамыту департаментінің директоры:

– Жүйе кеңейтіліп, оған жасанды интеллект енгізіледі. Қазірдің өзінде бұл бағыттағы жұмыстарға кірісіп кеттік. Бүгінгі таңда деректер базасын толықтыру, АІ-ді оқыту, ақпарат жинау және оны талдау кезеңі жүріп жатыр. Әртүрлі дереккөздерді жүйеге қосып жатырмыз. Бірқатар мемлекеттік органмен, «Қазгидрометпен» және су құрылғыларынан алынатын мәліметтер бойынша интеграция жолға қойылған. Олардың деректері өзара салыстырылып, тұрақты мониторинг жүргізіледі. Соның нәтижесінде жүйе толыққанды талдау жасап, қорытынды ұсына алады. Сонымен қатар, көршілес мемлекеттерден де деректер алу мүмкіндігі қарастырылған.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?