БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасымен 22 сәуірді Халықаралық
планетаны көгалдандыру күні деп жариялады. Бұл идеяны Президент Қасым-Жомарт
Тоқаев өткен жылдың қыркүйек айында Бас ассамблеяның 80-ші сессиясында ұсынған
болатын. Қарарды әлемнің түрлі өңірлерінен 32 мемлекет тең автор ретінде
қолдады, деп хабарлады Сыртқы істер министрлігі. Жаңа халықаралық күн
көгалдандыру, табиғи экожүйелерді қалпына келтіру және қоршаған ортаны қорғау
мәселелеріне елдердің күш-жігерін біріктіруге бағытталған. Қазақстан үшін бұл
бастама еліміздің экологиялық саясатының жалғасы. Айта кетейік, соңғы бес жылда
Қазақстанның мемлекеттік орман қоры аумағында бір жарым миллиардтан астам көшет
отырғызылды. Арал теңізінің құрғап қалған аумағында да ауқымды жұмыстар
жүргізілуде. Халықаралық бастама еліміздегі экологиялық мәдениетті
қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясының мақсаттарына
сай.

