Қазақстан сауда саласында цифрлық сервистерді іске қосады

Қазақстан сауда саласында цифрлық сервистерді іске қосады

Қазақстан сауда саласының сандық инфрақұрылымын қалыптастырып жатыр. Бұл бағытта отандық өндірістің барлық өнім түрлерін біріктіретін «Сауданың цифрлық айнасы» бірыңғай платформасы ендірілмек. Жүйе тауар қозғалысын, бағаның ашықтығын және қазақстандық өнімдердің сауда сөрелеріндегі нақты үлесін бақылауға мүмкіндік береді. Бүгінде, салалық министрлік жергілікті брендтердің ірі сауда желілеріне шығуын қамтамасыз ету үшін келіссөздер жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, QazTrade Retail платформасы да қазақстандық компаниялардың сауда инфрақұрылымына қолжетімділігін жеңілдете түспек. Оны жыл соңына дейін іске қосу жоспарланған. Қазір елімізде шығарылған өнімнің шамамен 44% сыртқы нарыққа экспортталады. Негізгі бағыттар – Еуразиялық экономикалық одақ, Орталық Азия, Таяу Шығыс, Еуропа елдері және Қытай. Мақсат – экспортты қолдауды күшейтіп, жеткізу географиясын кеңейту.


Арман Шаққалиев, ҚР сауда және интеграция министрі:


- Бірінші жарты жылдың қорытындысы бойынша ішкі тауар айналымының көлемі 36,2 трлн теңгені құрап, 15,3% өсті. Негізгі өсім азық-түлік сегменті есебінен қамтамасыз етілді. Оның өсімі шамамен 30% құрады. Отандық агроөнеркәсіп өндірушілерінің сыртқы нарықтағы ұстанымдары да нығаюда. Қаңтар–мамыр айларының қорытындысы бойынша азық-түлік экспорты 34,4% өсіп, 1,6 млрд АҚШ долларын құрады. Сонымен қатар импортқа тәуелділік төмендеді. Оның үлесі 14,7% дейін қысқарды.


Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

- Қазақстан бүгінде ішкі нарықты негізгі азық-түлік тауарларымен толық қамтамасыз етеді. Бірінші жартыжылдықта өндіріс көлемі шамамен 10% өсті. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты да тұрақты өсіп келеді.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?