Сеулге мемлекеттік сапармен барған Қасым-Жомарт Тоқаевты Корея Республикасы Президентінің резиденциясында салтанатты түрде қарсы алды. Мемлекеттер басшылары бір-біріне делегация мүшелерін таныстырды.
Кейін Қазақстан Президенті Құрметті қонақтар кітабына жазба қалдырды. Бұдан соң президенттер шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев сапармен келуге шақырғаны үшін Ли Чжэ Мёңге ризашылығын білдірді, сондай-ақ Корея Республикасы Қазақстанның стратегиялық серіктесі екенін атап өтті. Халықтарымызды ертеден берік достық пен өзара түсіністік қарым-қатынас байланыстырады. Арада ешқандай дау жоқ. Мемлекеттер басшылары қазақ-корей стратегиялық серіктестігін нығайтуға және оны жаңа әрі нақты мазмұнмен толықтыруға ниетті екенін растады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Былтыр телефон арқылы алғаш рет сұхбаттасып, өзара сенім мен достыққа негізделген стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға келіскен болатынбыз. Ал бүгін екіжақты қарым-қатынасымызды болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеру жөнінде маңызды уағдаластыққа қол жеткіздік.
Осы уақытқа дейін Корея Қазақстан экономикасына 12 млрд доллардан астам инвестиция салды. Бүгінде корейлік бизнес қажы құюға дайын. Тек Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы мемлекеттік сапары барысында ғана 19 млрд долларды құрайтын келісімдерге қол қойылды. Президент Қазақстанда инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Астана мен Сеулдің халықаралық аренадағы ықпалдастығына жоғары баға берді. Бұл ретте, ол елдеріміздің жаһандық орнықты даму және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне қатысты ұстанымы ұқсас екенін айтты. Президенттің айтуынша, екі елдің мәдени-гуманитарлық байланысы да жылдан-жылға нығая түсуде.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Былтыр Қазақстанға 51 мыңға жуық корей азаматы сапармен келді. Бұған екі мемлекет арасындағы тікелей әуе қатынасының қарқынды дамуы айтарлықтай ықпал етуде. Арамызда ірі жоба пайда болды. Ол – Алатау қаласының құрылысы. Бүгін біз Алатау қаласында Кореяның KAIST институтының филиалын ашу туралы келісімге қол қоямыз. Бұл қадам білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастығымызды тереңдетуге тың серпін береді деп ойлаймын.
Өз кезегінде Корея Республикасының Президенті екі елдің сыртқы саясаттағы бағдары ұқсас екенін мәлімдеп, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге бейіл екенін растады.
Ли Чжэ Мён, Корея Республикасының Президенті:
- Қазақстан – біздің экономикалық қауіпсіздік саласындағы маңызды серіктесіміз. Сіздің еліңіз тек энергетикалық және табиғи ресурстарға ғана бай емес, келешегі зор жоғары технологиялық салаларда да зор әлеуетке ие. Біз өндіріске арналған озық цифрлық технологияларымыз арқылы Қазақстан өнеркәсібін жаңғыртуға үлес қосуға әзірміз. Халықаралық ахуал бұлыңғыр кезеңде елдеріміз күш-жігер мен әлеуеттерін біріктіріп, ынтымақтастықты нығайтуға тиіс. Сондай-ақ өзара тиімді негізде экономикалық өсімнің жаңа мүмкіндіктерін табуы қажет.
Келіссөз қорытындысы бойынша мемлекеттер басшыларының қатысуымен ресми делегация мүшелері 12 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатпен алмасты. Олар мұнай, ғылым және технология, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану, зияткерлік меншік, аэроұтқырлық және мәдениет салаларындағы ынтымақтастыққа бағытталған.

