Елордада өткен Astana ESG форумында экология және энергетиканы тұрақты дамыту саласына қатысты бірқатар құжатқа қол қойылды. Жиында мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдар мен бизнес өкілдері жасыл инвестиция тарту, энергетиканы жаңғырту және кәсіпорындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ жасыл экономикаға көшу жағдайында азаматтарды әлеуметтік қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл бағытта қазақстандық мамандар да зерттеу жүргізіп жатыр.
Гүлмира Насырова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбекті қорғау жөніндегі ғылыми-зерттеу институты бөлімінің басшысы:
- Биыл біз екі маңызды зерттеу жұмысын аяқтадық. Соның бірі жасыл экономикаға көшу кезінде еңбек жағдайларын бағалауға арналды. Зерттеу аясында бірқатар кәсіпорында экологиялық талаптардың сақталуы тұрғысынан кәсіби тәуекелдер бағаланды. Ал екінші зерттеу әлеуметтік кепілдіктер мәселесін қамтыды.
Форумда Президент Жолдауында белгіленген басымдықтарды ескере отырып, Қазақстанның ESG күн тәртібін ілгерілету мәселесіне де басымдық берілді. Негізгі бағыттардың қатарында энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту, жаңартылатын энергия көздері нысандарын дамыту және инвестиция тарту бар. Бұл шаралар елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, экономиканың тұрақты өсуіне негіз қалауға тиіс. Форум қорытындысы бойынша Үкімет пен бизнес өкілдеріне арналған ұсынымдар әзірленеді. Ол Қазақстанның ESG күн тәртібін одан әрі іске асыруға негіз болмақ.
Айнұр Соспанова, «Qazaq Green» жаңартылатын энергия көздері қауымдастығының басқарма төрағасы:
- 2029 жылға қарай энергетикалық тапшылық мәселесін шешуіміз керек. Қазақстанның бұл міндетті орындауға мүмкіндігі жеткілікті. Электр энергетикасы саласында ірі жобаларды жүзеге асыруға қатысты тәжірибеміз мол. Елімізге келіп, қазірдің өзінде белсенді жұмыс істеп жатқан ірі инвесторлардың қызығушылығы жоғары. 2027 жылы баламалы энергетика саласындағы заңнаманы жетілдіру бағытында жұмыс істейміз. Бұл іс Құрылтай жанындағы жұмыс тобы аясында басталып кетті.

