Астанада Республика күніне орай халықаралық конференция өтті

Астанада Республика күніне орай халықаралық конференция өтті

Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, бұл құндылықтар – Республика күніне орай Астанада өткен халықаралық конференцияның басты тақырыбы болды. Қатысушылар Қазақстанның жаңа Конституциясында бекітілген кепілдіктерді, соның ішінде дербес деректерді қорғау мен цифрлық қауіпсіздік мәселелерін талқылады. Білікті заң көмегіне қол жетімділік, адамның қадір-қасиеті мен жеке басына қол сұғылмаушылықты қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сарапшылар заңнаманы жетілдіру және әлеуметтік әділеттілікті нығайту жолдарын қарастырды. Сондай-ақ, атар «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидатын күнделікті өмірде жүзеге асыру мәселесі сөз болды.

Алексей Рогов, Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалары офисінің басшысы:

- Жақында жаңа Конституция күшіне енді. Ол адамға бағдарлану қағидатына негізделген. Яғни адам, оның құқықтары мен қадір-қасиеті биліктің барлық іс-әрекетін, мемлекеттің қызметін айқындауы тиіс. Бұл қағидат халықаралық құқықта, атап айтқанда, Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында, азаматтық және саяси құқықтар туралы, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық құқықтар туралы халықаралық пактілерде көрініс тапқан.

Конференция қатысушылары «Еститін мемлекет» тұжырымдамасының жалғасы ретінде Қазақстан Халық Кеңесінің қызметіне тоқталды. Бұл институт қоғам мен билік арасындағы диалогты нығайтуға бағытталған. Жақын арада қазақстандықтар ішкі саясат пен мемлекеттік органдардың жұмысына қатысты өз бастамаларын ұсынатын цифрлық платформаны іске қосу жоспарланып отыр.

Жандос Ақтаев, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, «Esti Bol Qory» қоғамдық қорының төрағасы:

- Біз азаматтардың ұсыныстарын жинап жүйелейміз. Содан кейін оларды заңнамалық бастамаға айналдырып, Құрылтайға жолдаймыз. Ал кейбір мәселелерді жергілікті атқарушы органдармен және орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп шешеміз. Біздің мақсатымыз — азаматтардан түскен өтініштерді жедел әрі оңтайлы жолмен шешу. Шындап келгенде, адамға бағдарлану дегеніміз - осы.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?