Астанада АӨСШК қаржы саммитінің алғашқы отырысы өтті

Астанада АӨСШК қаржы саммитінің алғашқы отырысы өтті

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне мүше елдер қаржылық ынтымақтастықты нығайтуға, цифрлық технологияларды дамытуға және бірлескен жобаларға, соның ішінде жасыл даму бағытына инвестиция тартуға ниетті. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Қаржы саммитінің бірінші отырысы «Астана» халықаралық қаржы орталығының төрағалығымен өтті. Айта кетейік, мұндай тұрақты алаңды құру туралы бастаманы Қазақстан Президенті 2022 жылы жариялады. Жаңа тұғырнама ұлттық реттеушілерді, банктерді, биржалар мен даму институттарын біріктіру арқылы трансшекаралық есеп айырысуды жетілдіру, цифрлық қаржы технологияларын енгізу, сондай-ақ жасыл және тұрақты қаржыландыруды ілгерілетуді көздейді. Отырысқа Ұйымға мүше 16 елдің өкілдері қатысты. Олар нақты жобаларға негізделген өзара іс-қимылдың басымдықтарын айқындады. Әріптестік бағыттарының бірі жасыл облигациялар нарығын дамыту болуы ықтимал. Қазақстан қазірдің өзінде тиісті тәжірибеге ие және өңірдің басқа мемлекеттерімен бөлісуге дайын.

Манас Гиждуаниев, АХҚО Жасыл қаржы орталығының бас директоры:

- Қазір нарықта экологиялық жобаларды жүзеге асыру мақсатында жасыл облигациялар шығаратын жеке компаниялар көп екенін көріп отырмыз. Бүгінде Қазақстандағы тұрақты қаржы облигациялары нарығының көлемі шамамен 3,9 млрд теңгені құрайды. Жалпы, бұл – Орталық Азиядағы тұрақты қаржы нарығының ең ірі көрсеткіші. АХҚО Жасыл қаржы орталығы тек Қазақстанда ғана емес, Қырғызстанда, Өзбекстанда және Әзербайжанда да алғашқы жасыл облигацияларды шығаруға қолдау көрсетті.

Қайрат Сарыбай, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес хатшылығының бас хатшысы:

 - Мен бүгін мүше мемлекеттердің жаңа бағытта ықпалдастық орнатқанына өте қуаныштымын, себебі бұған дейін де 2014 жылы құрылған Іскерлік кеңес қызмет атқарып келген болатын. Сол жылдардан бастап Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі аясында тұрақты түрде бизнес-форумдар өткізіліп келді. Менің ойымша, Қаржы саммиті біздің мүше мемлекеттеріміз арасындағы экономикалық әріптестігін күшейтуге тиіс. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?