Сайлаушылармен тікелей диалог - саяси науқанның маңызды элементі

Сайлаушылармен тікелей диалог - саяси науқанның маңызды элементі

Кәсіпорындар, аудан орталықтары мен ауылдарда өтетін кездесулер Құрылтай депутаттығына үміткерлердің сайлауалды бағдарламасын таныстырып, тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелерді тікелей талқылауға мүмкіндік береді. Аумағы кең Қазақстан үшін мұндай кездесудің маңызы зор. Себебі ол елдің әр өңіріндегі азаматтармен ашық әрі белсенді диалог орнатуға жол ашады. Мамандардың пікірінше, алдағы мандаттардың бөлінуі мен болашақта қабылданатын заңдар азаматтардың таңдауына байланысты қалыптасады. Сонымен қатар, сарапшылар сайлаушылармен тиімді байланыс орнату үшін түрлі қарым-қатынас форматтарын пайдаланып, халықпен тікелей байланысты сақтаудың маңызын атап өтеді.

 

Гүлмира Тоқанова, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ аға ғылыми қызметкері:

– Үгіт-насихат науқаны – сайлау қарсаңында сайлаушылармен байланыс орнатудың ең алғашқы әрі ең жедел тәсілі. Оның басты мақсаты – кандидаттардың сайлауалды бағдарламаларындағы негізгі ұстанымдарды халыққа жеткізу. Сондықтан үгіт-насихат жүргізуде заң аясындағы барлық қолжетімді тәсілдерді тиімді пайдалану маңызды. Осыған байланысты үгіт жүргізудің қай түрі тиімдірек екенін нақты айту дұрыс болмас еді. Ең бастысы – сайлаушылармен тікелей кездесіп, ашық пікір алмасып, олардың ұсыныстарын тыңдау.

 

Сарапшылардың айтуынша, сайлау науқанының басты ерекшеліктерінің бірі – жаңа тұлғалардың шығуы. Саясаттанушы Аман Мәмбетәлиевтің пікірінше, бүгінде партиялар ішкі жұмысын қайта қарап, қоғаммен өзара іс-қимылдың жаңа тәсілдерін іздестіріп жатыр. Құрылтайдың құрамына мемлекеттік бюджетті қалыптастыруды қоса алғанда, маңызды шешімдер қабылдау міндеті жүктеледі. Сондықтан партиялар мен кандидаттарға қойылатын талап та күшейе түсуде. Мұндай жағдайда тәжірибе, ұстаным және ел мүддесі үшін ортақ мәмілеге келіп, тиімді шешім қабылдай білу қабілеті шешуші рөл атқарады.

 

Аман Мәмбетәлиев, саясаттанушы:

 

– Жаңа Құрылтайдың жұмысы коалициялық өзара іс-қимылға негізделетінін түсінуіміз керек. Бұл – тек партия ішіндегі ғана емес, партияаралық ынтымақтастықты да қамтиды. Түрлі саяси ұйымдардың құрамында өзекті мәселелерді шешуге қатысты көзқарастары ұқсас азаматтар бар. Олар әртүрлі саяси күштің өкілі болғанына қарамастан, ортақ мақсатқа жету үшін ымыраға келуге және маңызды мәселелерді бірлесіп шешуге дайын болуы тиіс. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?