Астанада «Болашақ ойындары - 2026» өтуде. Қазақстанның елордасына 30-дан астам мемлекеттен 800-ге жуық спортшы
келді. Ал халықаралық мультиспорттық турнирді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт
Тоқаев ашты. Салтанатты
рәсімге Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан
Президенттері қатысты. Ауқымды phygital-жарыстар заманауи технологиялар мен
дәстүрлі спорт түрлерін біріктіреді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап
өткендей, «Болашақ ойындарының» негізгі миссиясы - адамдарды біріктіру және
оларды жаңа жетістіктерге шабыттандыру.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- «Болашақ ойындарында» спорттың
күш-қуаты, ақыл-ой мен цифрлық дәуірдің орасан әлеуеті үйлесім тауып,
баршамызға ортақ жасампаздық ұстанымымен толық үндеседі. Бұл турнир кереғар дүниелерді бір
арнаға тоғыстырады. Оның негізінде шынайы және виртуалды әлем арасындағы ақылға
қонымды тепе-теңдік жатыр. Бүгін осы аренаға негізінен жастар жиналып отыр.
«Болашақ ойындары» елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың, достық пен
келісімнің «алтын көпіріне» айналады деп сенемін.
Қазақстан Президенті бүкіл әлемде түбегейлі өзгерістер болып жатқанын алға
тартты. Озық технологиялар барлық саладағы адам тіршілігіне ықпалын тигізуде. Жаңа
дәуірдің талаптарына сай болу үшін Қазақстан цифрланған мемлекет құруға кіріскен.
Осы мақсатта берік таған қаланды - Цифрлық кодекс және Жасанды интеллект туралы
арнайы заң қабылдады. Қазақстанның жаңа Конституциясы да AI-шешімдердің
серпінді дамуына ықпал етеді. Ал отандық жастар үшін AI-Sana мемлекеттік
бағдарламасы бойынша оқыту басталды. Биыл күзде Астанада Жасанды интеллект
университеті есігін ашады және нейрожелілердің көмегімен жасалған фильмдердің халықаралық
фестивалі өтеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгін
елордамызда, шын мәнінде, ерекше іс-шара өтіп жатыр. Бұл – спорт пен
интеллектінің үйлесімі, сонымен қатар күш-қайрат пен зияткерлік әлеуеттің бәсекесі.
Олар арасында қарама-қайшылығы жоқ, керісінше бір-бірін толықтыратын ұғымдар
екеніне көзіміз жетіп отыр. Алдағы сайыстардың түпкі философиялық мәні де –
осында. Осынау жаһандық ауқымдағы ойындар барша адамзаттың
жарасымды әрі бейбіт болашағын айшықтайды. Қазақстан қашанда халықаралық
қауымдастықпен бірге бейбітшілікті, қауіпсіздікті, әділеттілік пен дамуды
қолдай береді.
Айта
кетейік, 800-ден астам спортшы классикалық және цифрлық спортты біріктіретін 8 сайыста өнер көрсетеді. Фиджитал форматында
- футбол, баскетбол, жекпе-жек, атыс
ойындары
және би бар.
Әйгілі Dota 2 және Mobile Legends бойынша
да турнирлер өтеді.

