Ақтауда Халықаралық контейнерлік хаб іске қосылды. 19
гектар аумақта жүк көтергіштігі 41 тоннаға дейінгі екі рельстік кран
орнатылған, сондай-ақ әдеттегі және рефрижераторлық контейнерлерге арналған
алаңдар жабдықталды. Мұнда салмақ өлшеу, сертификаттау, жөндеу және сақтау
қызметтері көрсетіледі. Бүгінде хабтың қуаттылығы жылына 120 мың контейнер тасымалдауға
мүмкіндік береді. Жобаның келесі кезеңі аяқталған соң көрсеткіш екі есе артады.
Терминал арқылы халық тұтынатын тауарлар, Еуропа, Түркия, Әзірбайжан және
Грузия бағытында жабдықтар мен техника өтеді. Жаңа логистикалық кешен қытайлық
Ляньюньган портын, «Қорғас-Шығыс қақпасы» құрғақ портын, Ақтау портын және
Каспий теңізі арқылы өтетін бағыттарды біріктіретін бірыңғай көлік-логистикалық
тізбектің бір буыны болмақ. Оның ашылуы Қазақстанның транзиттік әлеуетін
нығайтып, Орта дәліздің мүмкіндіктерін кеңейтеді. Жоба Президент Қасым-Жомарт
Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылды.
Қайрат Қалиолла, Ақтау
халықаралық контейнерлік хабы бас директорының орынбасары:
- Контейнерлік хабтың басты мақсаты салынған Қытайдың
Еуропаға тасымалданатын транзиттік тасымал жүктеріне арналған. Тек қана
транзиттік жүктер ғана емес, сонымен Қазақстанның экспорттық жүктерінде
тасымалдауға мүмкіндік береді. Транскаспийлік халықаралық транспорттық дәліздің
дамуына үлкен әсер етеді.
Арман Жақыпов, Ақтау халықаралық теңіз сауда портының атқарушы директоры:
- Бұл Қазақстанның импорты мен экспорты. Импорт
контейнерлік тасымалдардың жалпы көлемінің шамамен 25%-ын құрайды, экспорт шамамен
15%-ды құрайды, 60% - бұл тікелей контейнерлік терминалға бағдарланған Қытайдан
келетін транзит.

