Қ.Тоқаев Е.Рыбакинаны «Әлемнің бірінші ракеткасы» атағына ие болуымен құттықтады

Қ.Тоқаев Е.Рыбакинаны «Әлемнің бірінші ракеткасы» атағына ие болуымен құттықтады

Мемлекет басшысы теннисші Елена Рыбакинаны «Әлемнің бірінші ракеткасы» атағына ие болуымен құттықтады. Ол алғаш рет WTA рейтингінде көш бастады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жетістікті тарихи жеңіс деп атады және Елена Рыбакинаның спортты дамыту мен насихаттауға қосқан үлесін атап өтті. Мемлекет басшысы спортшының дарынын, еңбексүйгіштігі мен өзіне деген сенімін ерекше атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаның чемпиондарға тән жалынды рухтан қуат алып, жаңа белестерге батыл қадам баса беруіне тілектестік білдірді.


Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:


- Осынау тарихи жеңісіңіз қазақ спортының даңқын асырды. Есіміңіз әлемдік теннис жылнамасынан ойып тұрып орын алды. Сіздің жетістікке толы жолыңыз – еліміздің жас спортшылары мен дүниенің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған теннис жанкүйері үшін үлгі-өнеге. Сонымен қатар кортта да, қоғамдық орындарда да, жұртшылықпен қарым-қатынас барысында да байқалатын жоғары мәдениетіңізді айрықша атап өткім келеді. Бұл – сөзсіз Сіздің парасатыңыз бен адами қалпыңыздың айқын көрінісі.


Елена Рыбакина АҚШ Ашық чемпионатының жартылай финалына шығу арқылы жоғары атаққа қол жеткізген. Ширек финалда ол қытайлық Чжэн Циньвэньді жеңді. Дәл осы жеңістен кейін ол қарсыластарының көрсеткіштеріне қарамастан,  жоғарғы сатысында қала бермек. Айта кетейік, спортшылар тізімінің ресми жаңартылуы 14 қыркүйекте өтеді. Елена Рыбакина әлемдік жеке рейтингтің шыңына шыққан алғашқы қазақстандық теннисші атанды.


Елена Рыбакина, теннисші:

- Бұл тарихи сәт және мен Қазақстанды әлемге танытқанымды мақтан тұтамын. Елге оралған сайын қай қалаға келсем де, тенниспен шұғылданатын балаларды көп көремін. Теннис корттарына барған сайын жастар топ-тобымен келеді. Қаншама спортшының ізімнен ергенін көру маған қуаныш сыйлайды. Бұл өзіңе сеніп, қажырлы еңбек етсең, қандай да болсын жетістікке жетуге болатынын дәлелдейді.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?