«Жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуының арқасында бүгінде әлемдік экономика түбегейлі өзгерістердің алдында тұр». Бұл- Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабындағы пайымдарының бірі. Көлемі 300 беттен астатын жинақта Мемлекет басшысының 30 жылдан астам уақыт ішінде айтқан сөздері мен ой-тұжырымдары топтастырылған. Кітап 21 бөлімнен тұрады, онда әділеттілік, заң мен тәртіп, ғылым, мәдениет, жастар және цифрландыру мәселелері қамтылған. Жинақта Президент басым бағыттардың бірі ретінде айқындап берген цифрлық технологияларды дамыту тақырыбына да ерекше мән берілген. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан бүгінде жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту бойынша Орталық Азияда жетекші орынға ие. Бұл бағыт мемлекет қолдауымен және қомақты инвестициялармен нығая түсуде.
Шамиль Ибрагимов, MIT өркендеу және кәсіпкерлік орталығының зерттеу жөніндегі директоры, АҚШ:
- Біз Массачусетс технология институтында жүргізілген зерттеудің презентациясын дайындадық. Зерттеуді Silk Road Innovation Hub сияқты жергілікті серіктестермен бірлесіп өткізілді. Бұл зерттеуде біз Орталық Азия аймағында, әсіресе Қазақстанда жасанды интеллект инфрақұрылымына инвестиция салу тұрғысынан ең озық елдердің бірі екені көрсетіп отырмыз. Біз бұл бағытта мықты саяси ерік-жігерді көріп отырмыз, яғни республика осы бағытты дамытуға басымдық беріп келеді. Бұл ерік-жігер инфрақұрылымға бағытталған инвестициялар сияқты айтарлықтай қаржылық қолдау табуда.

