Корея Республикасы Қазақстанның ірі инвестициялық серіктесі

Корея Республикасы Қазақстанның ірі инвестициялық серіктесі


Корея Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық серіктестерінің қатарына кіреді. Соңғы отыз жылда Астана мен Сеул арасында өзара құрметке, сенімге және шынайы достыққа негізделген берік қарым-қатынас орнаған. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-корей дөңгелек үстелінің ашылуында айтты. Корея Қазақстанға 12 миллиард доллардан астам инвестиция құйды. Бүгінде елімізде корей капиталының үлесі бар мыңнан аса компания жұмыс істейді. Өткен жылы екіжақты тауар айналымы 3 миллиард доллардан асқан. Бұл көрсеткішті еселей түсуге болады. Қазақстан Президенті қазақ-корей қарым-қатынасын одан әрі ілгерілететін басым бағыттарды атады. Осы орайда, өзара өнеркәсіп саласындағы ықпалдастық экономикалық серіктестігіміздің берік негізіне айналды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бүгінде ортақ портфельде автомобиль құрастыру, машина жасау, металлургия және басқа да салаларды қамтитын 51 бірлескен жоба бар. Олардың жалпы құны 4 миллиард доллардан асады. Кореялық компаниялардың тәжірибесі Қазақстанның бәсекеге қабілетті әрі сенімді өндіріс алаңы екенін анық дәлелдеді. Мақсатымыз – толықтай интеграцияланған, яғни, бөлшектердің, озық материалдардың, электр құрал-жабдықтары мен электрониканың жергілікті өндірісін түгел қамтитын, кең ауқымды Еуразия нарығына қызмет көрсете алатын өнеркәсіп экожүйесін құру.

Кореялық инвестициялар мен технологиялық тәжірибесі Қазақстанның қазба байлықтарын игеруде де өз септігін тигізе алады. Қасым-Жомарт Тоқаев аса маңызды минералдар әлемдік экономиканың стратегиялық тұрғыдан маңызды әрі тез дамып келе жатқан секторы саналатынына назар аударды. Еліміздің жер қойнауында сирек кезігетін ресурстардың мол қоры бар. Құрылыс пен қаланы өркендетудегі ынтымақтастық та өзара тиімді болады. Президент Қазақстан инфрақұрылымдық даму кезеңіне қадам басқанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз көлік, коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымынан бастап тұрғын үй және әлеуметтік нысандарға дейінгі барлық бағытта құрылыс қарқынын жандандыруды жоспарлап отырмыз. Мұны Президент лауазымындағы басым міндеттерімнің бірі деп санаймын. Мақсатымыз – Қазақстанды алып құрылыс алаңына айналдыру. Аурухана, балалардың оңалту орталығы, көпбейінді медицина мекемелері, заманауи мектептер, спорт ғимараттары секілді әлеуметтік нысандар мен көлік инфрақұрылымын жетілдіруге ерекше мән береміз.


Президент екі елдің ынтымақтастығында энергетика саласы да маңызды екенін айтты. Hyundai Engineering қазірдің өзінде Қарашығанақ газ өңдеу зауытының құрылысында жетекші рөл атқарады. Көлік-логистика саласында да мүмкіндіктер аз емес. Қасым-Жомарт Тоқаев логистикалық жобаларға бағытталған бірлескен кәсіпорын құруды ұсынды. Болашақ қаласы - Алатау да өзара тиімді бастамаларға негіз бола алады. Бұдан бөлек, Ауылшаруашылық өнеркәсібі мүмкіндіктерін пайдаланып, Кореяға азық-түлік өнімдерін жеткізуді арттыруға болады. Мәселен, Қазақстанның ауыл шаруашылығы әлеуетін Кореяның технологияларымен біріктіріп, агроөнеркәсіп саласындағы қосылған құн тізбегін қалыптастыру ұсынылды. Мемлекет басшысы Қазақстан Үкіметі инвесторларға жан-жақты қолдау көрсететінін атап өтті.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?