Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Теміртауға жұмыс сапары барысында «Qarmet» кәсіпорынының ұжымымен кездесу өткізді. Мемлекет басшысы қарағандылық комбинат отандық металлургияның қара шаңырағы, сондай-ақ еліміздің индустриялық әлеуетін арттыру ісінде ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Бүгінгі таңда өңдеу өнеркәсібінің ел экономикасындағы үлесі 14% асқан. Кәсіпорын ауыр өнеркәсіп саласында жалпы құны 4 трлн теңгеден асатын өнім өндірді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Металлургия комбинатының жетістіктері еліміздегі ауқымды өзгерістермен тығыз байланысты. Қазақстан дамудың жаңа тарихи кезеңіне қадам басты. Алайда қол жеткізген табысқа тоқмейілсуге болмайды. Алдымызда атқаратын шаруа көп.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Еліміздің саяси жүйесінің берік құрылымы қалыптасты. Бұл реформалар, ең алдымен, мемлекет іргесін нығайту мақсатында жасалып жатыр. Әлемдік саясат пен экономикада мүлдем жаңа, әлі кеңірек зерделеніп үлгермеген жағдаяттар пайда болған кезеңде мұның маңызы өте зор. Қазақстан пайдасымен қоса кемшілігі, тіпті тіршілікке қатер де төндіретін Жасанды интеллект үстемдік құратын жаңа әлемге ойдағыдай бейімделу үшін тыңғылықты дайындалуға тиіс.
Президент еліміз тарихымызда бұрын-соңды болмаған қарқынды құрылысқа кірісіп, бүкіл азаматтық инфрақұрылым жаңғыратынын жеткізді. «Халықтық құрылыс» бағдарламасына шамамен 6 жарым трлн теңге бөлінеді. Еіміздің барлық өңірінде жаңадан жолдар, әуежайлар, вокзалдар, электр станциялары, ауруханалар, мектептер мен спорт нысандары салынады. Қасым-Жомарт Тоқаев Qarmet-тің мықты өндірістік базасы «Халықтық құрылыста» зор рөл атқаратынына сенім білдірді. Қазірдің өзінде Қазақстанның темірі құрылыста және өнеркәсіпте кеңінен қолданылады. Енді жаңа құю-илемдеу кешені бой көтеруде.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жалпы, «Халықтық құрылыстың» бүкіл мән-мағынасын «Құрылыс және тағы да құрылыс» деген бір ауыз сөзбен түсіндіруге болады. Түптеп келгенде, бүгінгі және келешек ұрпаққа бағдарламалар мен тұжырымдарды емес, бірақ бұл да өте маңызды, біз оларға материалдық құндылықтарды, ең алдымен, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын аманат етіп қалдыруымыз керек. Халқымыздың әлдеқайда жайлы өмір сүруге, қазіргі өркениетті заманның барлық игілігін көруге хақы бар. Әділетті Қазақстанды құру стратегиясының басты мақсаты да – осы.
Президент реформаларды табысты жалғастыру үшін ел ішінде бейбітшілік пен тұрақтылық сақталып, заң мен тәртіп үстемдік құруы қажет екенін атап өтті. Ол Қазақстан – бейбіт мемлекет, осыған мүдделі елдердің барлығымен ынтымақтастықты нығайта беретінін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Qarmet ұжымының елдің индустриялық-өнеркәсіптік дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады. Президент кәсіби шеберлігі мен іске адалдығы үшін бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады.

