Қ.Тоқаев білім беру саласындағы басты міндеттерді атады

Қ.Тоқаев білім беру саласындағы басты міндеттерді атады

Бүгін Қазақстан Президенті педагогтер форумында білім беру саласының болашағы туралы сөз қозғады. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің білім беру саласын дамытуға айрықша көңіл бөліп отырғанын және алдағы уақытта да бұл бағытқа ерекше назар аударылатынын атап өтті. Соңғы жеті жылда бұл салаға бөлінетін қаржы үш есе артып, 6,4 трлн теңгеге жетті. Кейінгі бес жылдың ішінде 1 млн астам оқушыға арналған 1100 астам мектеп салынды. Ұстаздың беделін нығайту үшін «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. TALIS-2024 зерттеуінің нәтижесіне сәйкес, Қазақстан осы  көрсеткіш бойынша екінші орында тұр. Сондай-ақ ұстаздардың еңбекақыға қанағаттану өлшемі бойынша еліміз әлемдегі алғашқы 5 мемлекеттің қатарына кіреді. Бірақ әлі де шешімін табуы тиіс мәселелер бар, деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Елімізге тағы да 5 мыңнан астам мұғалім керек. Себебі халық саны тұрақты түрде артып келеді. Соңғы жылдары салынып жатқан мектептердің саны да едәуір көп. Осы жағдай педагог мамандарға деген сұранысты арттырып отыр. Бұл мәселе бойынша министрлік тың тәсілдер ұсынуға тиіс. Сонымен қатар мұғалімдердің біліктілігін көтеру мәселесіне ерекше назар аударған жөн. Ұстаздарды мектеп пен балабақшадағы жұмыстың кәсіби ерекшеліктеріне барынша бейімдейтін бірыңғай жүйе құру қажет деген ұсыныс бар екен. Оны жан-жақты қарап, қажет болса, іске асыру керек.

Мемлекет басшысы орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру туралы да сөз қозғады. Ол Үкіметке жасанды интелектіні пайдаланудың этикалық, құқықтық жақтарын ескеретін бірыңғай стандарт әзірлеуді жүктеді. Сонымен қатар, Президент дарынды балаларды қосымша ынталандыру шараларын қабылдауды тапсырды. Оларға олимпиададағы табыстарына ғана емес, ғылыми жобалар байқауындағы жеңістері үшін де ақшалай сыйақы беріледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:


- Қыркүйекте Жасанды интеллект университеті ашылады. Бірақ бұл жеткіліксіз деп ойлаймын. Үкімет Қытайдың жаңа технологияларды меңгерудегі жетістігі мен тәжірибесін ескере отырып, Астанада Қазақстан-Қытай жасанды интеллект мектебін ашу мәселесін пысықтағаны жөн.

Конференция аясында Президент бірқатар педагогтерге білім берудегі үздік жетістіктері мен елімізге сіңірген еңбегі үшін мемлекеттік наградалар тапсырды. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев заманауи АІ-стартаптарға және отандық оқушылардың жетістіктеріне арналған «Білім болашағы» көрмесін аралап көрді.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?