Астанада жасанды интеллект
бойынша ІІІ халықаралық олимпиада басталды. Беделді білім додасына 100-ден
астам елден келген 500-ден артық дарынды оқушы қатысуда. Президент Қасым-Жомарт
Тоқаев олимпиаданың ашылу салтанатында сөз сөйледі. Мемлекет басшысы сөзінде
еліміз цифрлық даму тұрғысынан стратегиялық таңдау жасағанына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының
Президенті:
– Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының электронды үкіметті дамыту индексінде 193 мемлекеттің арасынан 24-орын алады. Жаңа технологияларды енгізуге әзірлік деңгейі бойынша еліміз Орталық Азияда көш бастап тұр. Біз бірыңғай инновациялық экожүйе құрып жатырмыз. Мұнда жасанды интеллект мемлекетті, экономиканы, бизнесті басқарудың маңызды тетігі ретінде қоғам өмірінің барлық саласына дендеп енеді. Бұдан бөлек, инновацияға иек артатын ел дамуының негізгі бағыттары 1 шілдеде күшіне енген Қазақстанның жаңа Конституциясында анық көрсетілген. Бұл – барлық үдерістің басы ғана.
Былтыр Бейжіңде өткен Жасанды интеллект бойынша олимпиададан Қазақстан оқушылары үш алтын, бір күміс және үш қола медаль жеңіп алды. Бұл жетістік жастарымыздың зияткерлік және шығармашылық әлеуетінің зор екенін көрсетеді. Бұл ұстаздар мен оқушылардың бірлескен жұмысының, сондай-ақ мемлекет тарапынан қолдаудың және елдегі білім сапасын ұдайы арттырудың нәтижесі. Президент бұл олимпиада жасанды интеллектіні зерттеуші жастардың халықаралық қауымдастығының дамуына үлкен серпін беретініне сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Білім қай заманда да халықты біріктіріп, адамзатты өркениеттің шыңына жетеледі. Сіздердің қарым-қабілеттеріңіз медицина, білім, экология және басқа да өте маңызды салалардағы тың шешімдерге негіз бола алады. Дәл осы олимпиадада әлемді өзгертетін жаңа идеялар мен жобалар дүниеге келуі мүмкін
Іс-шара аясында Мемлекет басшысына халықаралық олимпиаданың құрылымы,
байқау тапсырмалары және автономды роботтың мүмкіндіктері таныстырылды.

