Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытайдың CNMC компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Вэнь Ган Ақтоғай кен орнында мыс балқыту зауытын салу мәселесін талқылады. Мемлекет басшысы компанияның Қазақстанның тау-кен өндіру және металлургия салаларын дамытуға қосқан үлесін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа зауыт Абай облысының экономикалық дамуына және отандық өңдеу өнеркәсібіне қосымша серпін береді. Вэнь Ган Президентке құрылыс жұмыстары замануи технологияларды қодана отырып, белгіленген мерзімде аяқталатынын жеткізді. Өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуына да ерекше назар аударылмақ. Кездесу қорытындысында жобаның Қазақстан мен Қытай арасындағы өнеркәсіптік кооперацияның тағы бір табысты үлгісіне айналатыны атап өтілді. Сондай-ақ ол металлургия және өнімді терең өңдеу салаларындағы одан әрі бірлескен жұмыстарға жол ашады.

