Қазақстандық ғалымдардың өнертабысына АҚШ пен Еуропа қызығушылық танытып отыр

Қазақстандық ғалымдардың өнертабысына АҚШ пен Еуропа қызығушылық танытып отыр

Қазақстандық «ақылды» ұлтарақтар шетелде танымал. Mirai Tech компаниясының Deep-tech стартапына Нидерланд пен АҚШ қызығушылық танытып отыр, осы елдердің спорт клубтары жаңа өнертабысты сынақтан өткізуде. Ол табысты өтсе, жобаны Германия, Ұлыбритания және басқа да еуропалық елдерге ұсыну жоспарланған. Шетелдік мамандар жаңа өнертабыстың жоғары дәлдігін атап өтті. Жүйе қарапайым көзбен бақылап байқауға келмейтін өзгерістерді тіркейді. Мамандар биомеханикалық талдауды нақтылаудың мұндай деңгейі бірегей жаңалық екенін айтады. Өнімді іске қосар алдында үлкен дерекқор талданған. Сынақтар Астананың бірнеше клиникаларында және спорт орталықтарында өтті, онда адамның қадам басу ерекшеліктері, жарақат алған және қалыпты күйдегі спортшылардың қозғалысы зерделенген.


Абылайхан Ергеш, стартаптың техникалық директоры:


–Біздің басты мақсатымыз - жарақатты болжау, яғни футбол клубтары, кез келген үлкен спорт клубы, үлкен лигалар спортшыларға көп ақша жұмсайды, бұл олар үшін өте құнды актив, ал актив жарақат алса ол құнсызданады. Біз дәл осы мәселенің алдын алғымыз келеді. Біз сіздің өкшеңізді қалай басқаныңызды, аяқтың ұшы қалай серпілгенін, бақайыңыздың қандай күшпен жерге тигенін бақылай аламыз. Біз осы ақпаратты талдап, сіздің аяғыңыздың ұлтараққа қандай қысым түсіретінін айта аламыз және осы ақпараттың барлығын жинақтап құнды мәліметке айналдырамыз да, оны тапсырыс берушіге ұсынамыз.


Яғни, өнертабыс нақты уақыт режиміндегі адамның жүрісін талдайды және смартфон арқылы мәліметтерді дәрігерлерге немесе жаттықтырушыларға ұсынады. Бұл спортшының жүктемесін бақылауға, оның сауығу кезеңдерін анықтауға, дене бітімінің ассиметриясын, зақымдану қаупін зерттеуге, жаттығулардың тиімділігін арттыруға, сондай-ақ оңалту мақсатында қолдануға мүмкіндік береді. Әзірлеушілер атап өткендей, олар ұлтарақтарды толығымен өздері әзірлейді. Электрондық модульдерді қоса алғанда, барлық жиынтық өз схемалары мен дизайны бойынша жасалады.


Абылайхан Ергеш, стартаптың техникалық директоры:


- Біз пайдаланатын сенсорлар бірегей, әлемде ондай өнім жоқ, біз бұл тұрғыдан жаңалық ұсындық, осы идяны іске асыруға кіріскен біздің мамндардың біліктілігін ескеру қажет. Команданың мақсаты айқын, біз бірге дамып келеміз. Бұл жаңашылдықтың құндылығы деректерді алу тәсілінде ғана емес, сондай-ақ, осы деректерді іс жүзінде ұтымды пайдалана білуде. Бұл мүмкіндік біздің өнімге тікелей енгізілген. Ұлтарақтың қалыңдығы қалыпты, тіпті, өте жұқа, сіз оның бар екенін сезінбейсіз де, аяқ киімдегі ұлтарағыңыздан еш өзгешелігі жоқ. Сөйте тұра сіз оның көмегімен көп дерек аласыз.

Әзірлеушілердің айтуынша, нано-ұлтарақты тек спортта ғана емес, медицинада, ал болашақта - сақтандыру саласында да пайдалануға болады. Осы мақсатта оның функциясын кеңейту жоспарланып отыр.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?