Қазақстан Еуразиядағы көлік-логистикалық хаб ретіндегі орнын нығайтып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елде көлік инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жүргізілуде. Соңғы жеті жылда 36 мың шақырымнан астам автомобиль жолы жаңғыртылып жөнделді. Биылдың өзінде 11 мың шақырымнан астам жол жөнделген. Қалбатау-Майқапшағай, Құрты-Қонаев және Қызылорда-Жезқазған бағыттарындағы ірі жобалар аяқталды. Жол төсемнің сапасы мен ұзақ мерзімді пайдалануға жарамдылығына көңіл бөлінуде.
Мадияр Әбдуәли, ҚР Көлік министрлігі автомобиль жолдары комитетінің жергілікті жолдар желісін дамыту басқармасының басшысы:
- Тексеруді жол активтері сапасының ұлттық орталығы жүргізеді. Мамандар жолға барып, асфальттан сынама алады, орындалған жұмыстардың сапасын тексереді. Егер кемшіліктер анықталса, мердігер оларды өз қаражаты есебінен жоюға міндетті. Ал орталық анықтаған ескертулер толық жойылмайынша, нысан пайдалануға қабылданбайды. 2026 жылдың қорытындысы бойынша нормативтік талаптарға сай республикалық маңызы бар жолдардың үлесін 95 пайызға, жергілікті жолдар желісінде 92 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Теміржол желісі де дамып келеді. Соңғы бес жылда Қазақстанда шамамен бес мың шақырым теміржол салынып жаңғыртылды. Ірі жобалардың қатарында Достық-Мойынты теміржол желісі мен Алматы айналма жолы бар. Сондай-ақ Дарбаза-Мақтарал және Аягөз-Бақты бағыттарынның құрылысы жалғасып жатыр. Бұл жобалар көлік дәліздерінің өткізу қабілетін арттырып, жүк тасымалын жеделдетуге мүмкіндік береді. Әуе тасымалы саласында да айтарлықтай нәтиже бар. Халықаралық әуе рейстерінің географиясы кеңейіп, ұшақ паркі жаңаруда. Әуежай инфрақұрылымы жаңғыртылып, жаңа логистикалық хабтар ашылуда.
Талғат Ластаев, ҚР Көлік вице-министрі:
- Соңғы жылдары азаматтық авияцияның ел экономикасына қосқан үлесі 6,5 есеге өсті. Халықаралық рейстер саны екі есе арты. Жолаушылар тасымалы жыл сайын шамамен 5-10 пайызға өсіп келеді. Қазақстан әуежайларында өңделіп, қызмет көрсетілген жүк көлемі де соңғы жылдары екі есе артты. Осылайша, Қазақстан бүгінде әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан авияция нарықтарының біріне айналды.
Республика күні қарсаңында сала жетістіктерін қорытындылаған сарапшылардың айтуынша, «жасыл дәліздерді» енгізу, бір терезе қағидатын қолдану және логистиканы цифрландыру жүк жеткізу мерзімі мен шығынын қысқартуға мүмкіндік берді. Бұл 2035 жылға қарай Қазақстанның тарнзиттік тасымалын жылына 100 млн тоннаға жеткізу мақсатына жол ашады.

