Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Король Филипп және Патшайым Матильдамен бірге Астанадағы Ұлттық балаларды оңалту орталығына барды. Мәртебелі меймандарға балалардың коммуникативтік дағдыларын, таным-түйсігін және өз бетінше әрекет ету қабілетін шыңдауға бағытталған заманауи әдістер мен роботтандырылған технология таныстырылды. Король Филипп пен Патшайым Матильда балалармен, ата-аналарымен және медицина қызметкерлерімен әңгімелесіп, интерактивті бағдарламаға қатысты. Бұдан кейін меймандар Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды. Айта кетейік, орталықта жыл сайын Қазақстанның барлық аймағынан 5 мыңнан астам пациентке оңалту қызметтері көрсетіледі. Мұнда мінез-құлқында бұзылыстары бар, церебралды сал аурына душар болған және аутистік спектрі бұзылған балаларға кешенді көмек ұсынылады.

