Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясына қатысты. Мемлекет басшысы консультативтік мекемеге кәсіби білігі жоғары мамандар, абырой-беделі зор, нағыз отаншыл азаматтар мүше болғанын айтты. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев конституциялық мәртебесі бар Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы лауазымына Ерлан Қошановтың кандидатурасын ұсынды. Президент оның мемлекеттік қызмет жүйесінде ұзақ жыл еңбек етіп, бұл жұмысты абыроймен атқарғанын, сондай-ақ Мәжіліс Төрағасы ретінде ауқымды реформаларды іске асыруға белсене атсалысқанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Құрылтайдың алғашқы отырысында айтып өткенімдей, ауқымды реформалардың арқасында мемлекеттік басқару ісіне жаңа, жасампаз, озық ойлы азаматтардың келуіне жол ашылды. Ел мүддесі үшін адал қызмет ету – зор мәртебе әрі қастерлі парыз. Осы орайда, Сіздерге – Халық Кеңесінің әрбір мүшесіне ерекше жауапкершілік жүктеліп отыр. Сіздер ел игілігі үшін табанды еңбек етіп, мемлекеттігімізді нығайтуға зор үлес қосасыздар деп сенемін. Ырысты ынтымағымызды, қоғамдық келісімді күшейту үшін белсенді түрде еңбек етесіздер деп ойлаймын.
Дауыс беру қорытындысы бойынша Ерлан Қошанов Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы болып сайланды. Президент Кеңес алдында тұрған міндеттерге ертең алғашқы сессияның негізгі отырысында кеңірек тоқталады.

