Қазақстан мен Бельгия өзара ықпалдастықты жандандыруда. Тараптар көлік-логистика, аса маңызды минералдар, энергетика, өнеркәсіп, биотехнология, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және ғарыш технологиялары салаларында жаңа мүмкіндіктерді қолға алуға уағдаласты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Король Филипп БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында өткен нәтижелі келіссөздердің қорытындысына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Экономикалық ықпалдастық серіктестігіміздің негізгі тірегі болып қала береді. Бельгия Қазақстанның жетекші инвестициялық серіктестерінің қатарына кіреді. Сіздің елдің 2005 жылдан бері экономикамызға құйған инвестиция көлемі 15 миллиард доллардан асты. Тарихи сапарға бельгиялық жетекші компания өкілдері қатысуда. Бұл Бельгияның еліміздің экономикалық әлеуетіне зор сенім артатынын көрсетеді. Үкімет тарапынан Бельгия инвесторларының Қазақстанда қызмет аясын кеңейтуіне және жаңа перспективті жобаларды іске асыруына қолайлы жағдай жасалады. Оның толық әрі уақтылы орындалуын өзім қадағалап отырамын.
Тараптар өзара мәдени-гуманитарлық байланыстарды да нығайтып келеді. Қос ел университеттері, музейлері мен мәдени мекемелері арасында тікелей байланыс орнатуға, сонымен қатар бірлескен білім беру бағдарламаларын дамытуға және академиялық тәжірибе алмасуға ниетті. Келіссөздер аясында тараптар халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Қазақстан мен Бельгия халықаралық құқық нормаларын сақтауға бейіл екенін растады. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың Брюссельге сапары аясында Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы стратегиялық серіктестіктің маңызды екенін айтылды. Ол арнайы келісімде бекітілді. Өз кезегінде Король Филипп ілтипатпен қарсы алғаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтып, соңғы отыз жылда елдеріміз берік әрі мызғымас байланыс орнатқанын атап өтті. Сондай-ақ монарх еліміздің халықаралық аренада беделі артып келе жатқанына және экономиканың барлық саласында қарқынды өсім байқалатынына назар аударды.
Филипп, Бельгиялықтар Королі:
– Еліңіздің әлемдік аренадағы орны нығайып келеді. Жуырда ғана халқыңыз мемлекеттің жаңа мақсат-міндеттерін айқындаған конституциялық реформаны қолдады. Бүгінде Қазақстан ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрді қастерлейтін, барлық жағынан заманауи қоғам құрып отыр. Жоғары білімді азаматтардың, орта таптың көптігі және озық инфрақұрылымның арқасында елдеріңіз болашақтың сын-қатерлеріне төтеп беруге әзір. Қазақстан цифрландыру саласында көш бастап тұр, әсіресе, жасанды интеллект бағытында бірегей шешімдер әзірлеуде.

