Жиырма жыл бұрын Орталық Азияның бес елі Семей шартына
қол қойып, өңір ядролық қарудан азат аймаққа айналды. Айтулы тарихи күн
Женевадағы БҰҰ бөлімшесінде атап өтілді. Қатысушылар ядролық қаруды таратпау
және қарусыздану режимін нығайтудағы осы шарттың рөлін, сондай-ақ ядросыз
аймақтар арасындағы ынтымақтастық әлеуетін талқылады. Қазақстан өңірлік
көршілерімен бірлесіп Африканың, Латын Америкасының, Оңтүстік-Шығыс Азияның
және Тынық мұхиттың оңтүстігіндегі ядросыз аймақ өкілдерін бір ортаға жинады.
Еліміздің Женевадағы БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Ержан Қазыхан Қазақстанның
ядролық қарусыздану мен таратпауға қосқан үлесін, сондай-ақ ядролық қарусыз
өңір мәртебесін нығайтудың маңызын атап өтті. Қатысушылар ортақ ұстанымдарды
ілгерілету және ядросыз аймақтар арасында тәжірибе алмасуды талқылады.
Татьяна Валовая, Женевадағы БҰҰ бөлімшесінің бас директоры:
- Бүгін біз 20 жылдық мерейтойымызды атап өтумен
шектелмейміз, біз болашаққа зер салып, ядролық қаруы бар елдермен жұмыс
істейтін және олармен ынтымақтастық орнатқан мемлекеттер ретінде өз
тәжірибемізді қалай пайдалануға болатынын және біздің мақсатымыз - ядролық
қарудан азат әлем құруды бірлесіп талқыладық.

