Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қазіргі уақытта Сауд Арабиясында жүрген отандастарды сақтық шараларын күшейтуге, адам көп жиналатын жерлерге және аса қажеттіліксіз әуежайға бармауға шақырады. Сондай-ақ, қазақстандықтарға мүмкіндігінше шұғыл емес сапарларды кейінге қалдыруды ұсынады. Дипломаттар төтенше жағдайда Қазақстанның Эр-Риядтағы елшілігіне немесе Джиддадағы Бас консулдығына дереу жүгінуді сұрайды. Айта кетейік, бұл ұсыныстар Сауд Арабиясының азаматтық инфрақұрылымына жасалған шабуылдарға байланысты берілген. Бұған дейін Қазақстанның СІМ адам өліміне әкеп соққан хуситтердің шабуылын қатаң айыптаған болатын. Ведомство мұндай әрекеттер халықаралық құқық нормаларын бұзып, Йемендегі қақтығысты реттеуге кедергі келтіретінін атап өтті. Қазақстан дағдарысты дипломатиялық жолмен шешуге шақырып, Сауд Арабиясына ниеттестігін және оның егемендік пен қауіпсіздікті қорғау құқығын қолдайтынын білдірді.

