Жасанды интеллект дәуіріндегі журналистиканың болашағы
мен сын-қатерлері, цифрлық технологиялар, ақпараттық шуға қарсы күрес, кадрлық
әлеуетті дамыту және классикалық редакцияларды трансформациялау. Бұл тақырыптар
Санкт-Петербургтегі III Қазақстан-Ресей медиафорумында талқыланды. Ол екі елдің
медиа-қауымдастығы, мемлекеттік органдары мен сарапшыларын біріктірді.
Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешенінің директоры Раушан Қажыбаева
еліміздің жаңғыру жолында зияткерлік меншік, дербес деректерді қорғау мен
цифрлық қауіпсіздікке жаңа Конституциямызда кепілдік берілгенін айтты.
Сондай-ақ, ол Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің басшылығымен екі ел
арасындағы ынтымақтастық жан-жақты стратегиялық өзара іс-қимыл деңгейіне
көтерілгеніне тоқталды.
Раушан Қажыбаева, ҚР Президенті Телерадиокешенінің директоры:
- Біз сапалы журналистиканың кәсіби
стандарттарын қатаң сақтауды, редакциялық жауапкершілік институтын қорғауды, кәсіби
медиакеңістікте бей-берекет манипуляцияға құрылған ақпарат ағынына жол бермеуді
қажет деп санаймыз.
Форумда сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті
Әкімшілігінің Коммуникациялар бөлімінің меңгерушісі Қанат Құлшыманов сөз
сөйледі.
Қанат Құлшыманов, ҚР Президенті Әкімшілігінің
Коммуникациялар бөлімінің меңгерушісі:
- Бір кездері
интернет баспасөз бен радио-телевизияның қызметіне түбегейлі өзгеріс әкелсе,
енді жасанды интеллект жуырда ғана ақпараттық нарықтың даму бағытын айқындаған
цифрлық медианы трансформациялауда. Алайда бұл үдерістің салдары медиа
кеңістігінің шеңберінен әлдеқайда асып түседі.
ТАСС бас директоры Андрей Кондрашов Қазақстанның
цифрландыру саласындағы жетістіктерін атап өтті. Ол Жасанды интеллект
туралы заңның қабылдануына, Цифрлық кодекспен жұмыс істеуге және бейіндік білім
беруді дамытуға назар аударды. Оның айтуынша, бұл тәжірибе ресейлік
әріптестерді де қызықтырады. Андрей Кондрашов сондай-ақ медиафорумның тек
салалық қана емес, сонымен қатар кең ауқымды қоғамдық-саяси мәні бар екенін
атап өтті. Сондай-ақ форум аясында «Ғарышты игеру ресейлік және қазақстандық
фотографтардың көзімен» атты фотокөрме өтті. Бұл - Қазақстан Республикасы
Президентінің телерадиокешені мен ТАСС ақпарат агенттігінің бірлескен жобасы.
Екі медиақұрылым Байқоңырдың тарихын бейнелейтін бірегей экспозиция әзірлеген.

