Жасанды интеллект әлемдік медиаиндустрияны трансформациялаудың басты факторларының біріне айналуда. Нейрожелілер күнделікті процестерді автоматтандыруға – сұхбат мәтінін теру, ақпаратты түрлі тілдерге аудару және аудиторияның қызығушылығын талдау үшін пайдаланады. Сондай-ақ жаңа технологиялар мультимедиялы контент әзірлеуге және цифрлық платформалардағы БАҚ-тың мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады. AI-технологиялардың журналистиканың болашағына ықпалы Astana Media Week халықаралық форумындағы негізгі тақырыптардың бірі болды. Форумның сарапшылары мен қонақтары жаһандық цифрлық трансформация жағдайында ақпаратты өңдеу және тарату тәсілдерінің өзгерісін талқылады.
Нежат Унсал, Smart advanced technologies and innovations компаниясының бас директоры:
- Жасанды интеллект пен озық технологиялар журналистикаға айтарлықтай ықпал етті. Бірақ, журналистер күн санап жаңарып келе жатқан технологиялар мен нейрожелілерге шындықты бұрмалауға, жаңалықтарды өзгертуге, немесе ақпаратты алмастыруға жол бермеуі керек. Өйткені бұл саладағы ең басты құндылық – қоғамның сенімі. Адамдар жаңалықтар мен бұқаралық ақпарат құралдарына сенгендіктен, олар таратқан ақпаратты күмәнсіз қабылдайды, осы үшін төлеуге және пайдалануға дайын.
Надира Тюдор, Бакудегі Euronews бюросының жетекшісі:
- Шын мәнінде, журналистер мен бағдарлама әзірлеушілер аудиторияның сенімін ақтау үшін жұмыс тәсілдерін қайта ойластыруы тиіс. Тілшінің жауапкершілігін сақтай отырып, осы құралды қалай тиімді пайдалануға болады? Медиаиндустриядағы жасанды интеллект маманға тәуелді, сондықтан біз оны дұрыс басқарып, ұтымды пайдалануымыз керек.

