Сайлау ел өңірлерінде жалпыұлттық тарихи оқиға
атмосферасында өтіп жатыр. Қазақстандықтар сайлау учаскелеріне жақсы
көңіл-күймен, тұтас отбасымен келуде, тіпті, креатив танытқан азаматтар да аз
емес. Мысалы, Алматы облысында Карповтар отбасы бұл күнді есте қаларлықтай
ерекше тәсілмен қарсы алып, «Құрылтай» деген жазуы бар әуешарымен сайлау
участкесіне ұшып келген.
Александр Карпов, Алматы облысының тұрғыны:
- Жалпы, Конституция бізге, Қазақстан Республикасының
әрбір азаматына қажет жарқын өмірдің іргетасын қалады. Дауыс беру әрбір
азаматының парызы - бұл біздің болашағымыз үшін ортақ жауапкершілік.
Сайлауға запастағы офицер және парашютші Тимофей Мерқұлов
та әдеттен тыс тәсілмен жетті. Ол парашютпен ұшақтан секіріп, сайлау учаскесіне
қонды. Айтуынша, осы әрекетімен Құрылтай сайлауына қазақстандықтардың назарын
аударғысы келген.
Ал Оралда сайлауға келген белсенділер технологиялық дамудың
маңызына меңзеген. Сайлау учаскелерінің бірінде тұрғындарды робот-трансформер
қарсы алып, келушілерге дауыс бергені үшін алғыс айтты. Ерекше кейіпкерді
жергілікті ақпараттық технологиялар институтының студенттері жасаған. Олар шынайы
өмірде бағдарламалаумен айналысады, осы әрекетімен заманауи АІ-шешімдерге қоғам
назарын аударуды көздепті.
Бекнұр Қабдығалиев, Қазақстанның инновациялар және
телекоммуникациялық жүйелер университеті ақпараттық орталығының директоры:
– Бабл Бей деп
аталады. Ол құрастырмалы робот. Яғни, өзінің формасын өзгерте алады балалардың
қызығушылығына байланысты. Оны құрастыруға бізде екі-үш ай төңірегінде уақыт
кетті. Ол сөйлей алады, түрлі қызметтерді атқара алады.
Ғасырдан астам ғұмыр кешкен Түймегүл Темірбаева да өз
таңдауын жасады. Ұлытау облысының тұрғыны биыл 116 жасқа толды. Ақ жаулықты әже
өзінің азаматтық ұстанымын білдіру үшін комиссия мүшелері үйіне жылжымалы
сайлау жәшігін алып келген. Кеуана дауыс беру сәтінде елге ізгі тілегін
білдіріп, ұрпағының амандығын, Қазақстанның болашағының жарқын болуын тіледі.
Ал Түркістанда сайлау күні жаттығудан бастады. Таңсәріден қала тұрғындары, дауыс берер алдында серігіп, бойларына қуат жинау үшін орталық стадонға ағылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастама салауатты өмір салтын насихаттап, азаматтық белсенділіктің маңызын еске салуға бағытталған.

