Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысу үшін партиялық
тізімдерді тіркеу аяқталуға жақын. Ресми бекітілген мерзімі бойынша, ол 23
шілдеде сағат 18:00 аяқталады. Бүгінгі таңда Орталық сайлау комиссиясы бірқатар
саяси ұйымдар ұсынған тізімді бекітті. Олардың қатарында: «Respublica», «Ақ
жол», «Байтақ», Жалпыұлттық социал-демократиялық партия және Қазақстанның
Халықтық партиясы. Соңғы аталған саяси ұйым 72 кандидат ұсынды. Оның 42%-ға
жуығы әйелдер, жастар және мүгедектігі бар азаматтар. Тиісті квота бойынша заңнама
талаптары толық орындалды. Орталық Сайлау Комиссиясы барлық кандидаттардың
Конституция мен «Сайлау туралы» заң талаптарына сәйкестігін хабарлады. Сонымен
қатар, Халық партиясы сайлау жарнасын төлеуден босатылды. Мұндай құқыққа ол бұған
дейін Мәжілістегі сайлауда бес пайыздық шекті межені еңсергені себепті ие
болды.
Нұрсұлтан Шоқанов, Қазақстан Халық партиясының төрағасы:
- Біздің тізімімізде Қазақстан қоғамдық өмірінің барлық
негізгі салаларының мамандары ұсынылған. Олар популист теоретиктер емес,
біліктілігі мен білімі жоғары шынайы кәсіби азаматтар. Біздің кандидаттардың
ішінде - ғылым докторлары, магистрлер, профессорлар бар, олар Қазақстанның
еңбек сіңірген мұғалімдері, еңбек сіңірген қайраткерлері, құрметті
құрылысшылар, құрметті заңгерлер, мемлекеттік сыйлықтардың лауреаттары,
мемлекеттік наградалардың иегерлері және «Қазақстанның 100 жаңа есімі»
жобасының қатысушылары.
Қазақстандық «Байтақ» жасылдар партиясынан Құрылтай
депутаттығына кандидаттар саны белгілі болды. Алдағы сайлауға саяси
бірлестіктің атынан 47 адам қатысады. Орталық сайлау комиссиясы партия
белгіленген сайлау жарнасының 70%-ын төлегенін хабарлады. Төлемнің мұндай жеңілдік
мөлшері сегізінші шақырылымдағы Мәжіліс сайлауында екі пайыздан астам дауыс
алған саяси ұйымдар үшін көзделген.
Азаматхан Әміртаев, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы:
– Біздің 47 үміткеріміздің ішінде 10 әйел адам бар, 4 –
35 жасқа дейінгі, сонымен қатар, 4 инвалидтік бағыттағы адамдар. Біздің толық
тізімнен 38% ол квотаны толық орындап тұр.

