Қазақстан алғаш рет Активтерді басқару жөніндегі мемлекеттік компаниялардың халықаралық форумы мен X мерейтойлық саммитін қабылдауда. Астанаға 19 елден ведомстволардың, ұлттық банктердің, халықаралық қаржы институттарының, инвестициялық компаниялардың өкілдері мен сала сарапшылары жиналды. Қатысушылардың пікірінше, әлемдік қаржы секторы елеулі өзгерістер кезеңін бастан кешуде. Қарыз алудың жоғары құны, шикізат нарықтарының тұрақсыздығы және жаһандық жеткізу тізбектерін қайта қалыптастыру қаржы жүйелерінің орнықтылығын қамтамасыз ететін жаңа тәсілдерді қажет етеді. Тәуекелдерді ерте анықтау тетіктері: жаңа цифрлық платформалар мен жасанды интеллект технологияларының маңызы бірінші орынға шығады. Премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, Қазақстан IPAF-ты өңірлік қаржылық қауіпсіздікті нығайту және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтудің негізгі алаңдарының бірі ретінде қарастырады.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:
- Астанада аталған Саммитті өткізе отырып, біз біріңғай стандарттарды әзірлеу, жеке инвестицияларды тарту және Азия-Тынық мұхиты өңірі елдерінің қаржылық тұрақтылығын нығайту үшін күш-жігерімізді біріктіруге ұмтылысымызды таныттық деп ойлаймын. Яғни, біз осы маңызды істе тікелей диалогқа, ұзақ мерзімді әріптестікке және озық жаһандық стандарттарды бірлесіп қалыптастыруға ашықпыз деп сеніммен айта аламын.

